$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда мектеп оқушылары белгісіз заттан жаппай уланды

AstanaTV
22.01.2015ж. 20:00
1787
Атырауда мектеп оқушылары белгісіз заттан жаппай уланды

Ал Атырауда мектеп оқушылары белгісіз заттан жаппай уланды. Оқиға қала маңындағы Жұмыскер ауылында Исатай Тайманұлы атындағы орта мектебінде жергілікті уақыт бойынша 13:20 шамасында орын алған.

Біздің түсіру тобымыз жеткенде, білім ордасына кіру мүмкін болмады. Полиция тексеріс жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Қала прокуроры орынбасарының мәліметінше, оқушылар газдан уланса керек. «Оқиға мектептің бірінші қабатында болған. 9 сыныптың 20 оқушысы мен кезекші өзін жайсыз сезінген», - деді құзырлы орган өкілі.

Владимир Малахов, Атырау қалалық прокурорының орынбасары:

Барлық құзырлы органдарды шақырдық. Соның ішінде «ҚазТрансАймақ» та бар. Олар арнайы жабдығымен келіп, мектепте газдың бар-жоғын тексеруде. Болжам бойынша, балалар газдан улануы мүмкін. Бірақ мектеп газдандырылмаған. Электр энергиясымен жылытылады, асхана да солай. Барлық болжамдар қарастырылуда. Балалардың тентектігі де болуы мүмкін. Оқушылардың бірі газды дәлізге шашуы мүмкін деген версияны тексеріп жатырмыз.

Прокурор мектепке кіргізу тәртібі қатаң екендігін алға тартты. «Сондықтан сырттан бөгде заттың өткізілуі мүмкін емес»,- дейді. Сондықтан кезекшінің беті бері қараса, одан жауап алынатынын айтты. Бәрінен бұрын ата-аналарда зәре жоқ. Олар аурухана есігін торуылдағанмен, іштегі жағдайдан бейхабар.

Балжан Қаршегенова:

Келсем, жатыр, тіл жоқ. Қасында Талғат ағаның қызы жатыр серейіп. Мына жағында тағы бір қыз жатыр серейіп. Сөйлеген жоқ. Мында келді. Білмей қалай екенін. Мында кіріп кетті. Болды.

Татьяна Юсупова:

Обед ішіп болып жатқанда, бір қыз бала телефон соқты. Қызымның телефонымен. Диананы алып кетті скорый деді маған. Мен келгенде газдан деп айтты. Мектепке шауып бардым. Мұғалімдер, милиция жиналған екен. Детскийге келдім. Сағат екіде келдім. Сағат 3 болды. Қызымды көрген жоқпын.

Дегенмен, ақ халаттылар үрейлі ата-аналар мен журналистерді сабырға шақырды.  

Орындық Сиплова, Атырау облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

Барлық түскен бала қазіргі уақытта 20. Бәрінің жағдайы орташа. Қазір бәріне ем жүргізіліп жатыр. Улану себебі - белгісіз. Ең бірінші себебі, балалар айтқан кезде, балалар тамақтарының жыбырлауы, қышуы және құсуы пайда болған. Кешке дейін бақылап қараймыз. Жағдайлары жақсарғанын үйіне қайтарамыз. Егер ертеңіне қаралу керек болса, оны қарастырамыз.

Базаркүл ІЗІМОВА