Ақтөбеде көпір үстінде болған жол-көлік апатына көлік
иелері полиция қызметкерлерін кінәлайды. Олар енді тексеру жұмыстарының әділ өтуін
талап етеді. Ал ішкі істер департаменті мамандарының өз айтар уәжі бар.
Оқыс оқиға кеше таңғы 9-дар шамасында 312-ші атқыштар дивизиясы
даңғылындағы көпір үстінде болған. Куәгерлер бір ауыздан полиция қызметкерлерін
айыптап отыр. Айтуларынша, «Камаз» көлігін тәртіп сақшылары өрескел тоқтатқан. «Жүк көлігінің алдын орып
кеп, жолды кес-кестеген ала таяқтылардың көлігі қауіпті жағдай туғызды»,- дейді. «Камаздың»
артына келе «ГАЗ-53» тоқтай алмай, жүк көлігіне соғылған.
Нұрсұлтан Исаев, «ГАЗ-53» автокөлігінің жүргізушісі:
Көпірге шыққаннан кейін мен
тежегішті басқаннан ешқандай пайда болмады. Мен тайғанап барып, сол «Камаздың» артына соқтығыстым.
Жүргізушілердің сөзіне қарағанда, полицейлер оқиғаның
орын алғанына кінәлі екендігін мойындамай, «Камаз» жүргізушісіне барлығын ысыра
салмақшы болған. Қозғалыс кезінде ұялы телефонмен сөйлескені үшін тоқтауды
талап етіп-ап, істің арты насырға шапқасын, бастарын ала қашты, дейді. Тіпті ақ-қарасын
анықтаудың орнына, оқиға орнынан іздерін суытты, дейді.
Маған не дегенде өзім тоқтадым деп айт. Протокол, штрафты әрі қарай
жібермей-ақ қоямын деді.
Ал ішкі істер департаменті мамандары әріптестерінің әрекетінің заңды екенін
айтты. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру жүргізіп, полицейлердің әрекеті
заңды әрі орынды деген шешімге келген.
Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
«Камаз» көлігінің жүргізушісіне қатысты, көлік басқару кезінде
телефон және радиобайланыс құралдарын қолданғаны үшін, әкімшілік хаттама толтырылып,
9 910 теңге әкімшілік айыппұл төлеу туралы қаулы шығарылды. Полиция
қызметкерлерінің көлікті тоқтату кезіндегі заңсыз әрекеттері шындыққа
жанаспайды.
Сондай-ақ, «Газ-53» автокөлігінің жүргізушісіне қатысты әкімшілік іс сотқа
жолданғанын хабарлады. Жол-көлік оқиғасының алдын
алу мақсатында ара қашықтықты сақтамағаны үшін жазаланбақ.
Мансұр ЕСҚОЖИН