Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Отандық алтын өңдеуші кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істемей отыр

AstanaTV
27.01.2015ж. 20:00
889
Отандық алтын өңдеуші кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істемей отыр

Зергерлік нарықтың 95 пайызы көлеңкеде. Салдарынан қазына жыл сайын 200 млн доллардан қағылып отыр. Бұл депутат Тұрсынбек Өмірзақовтың дерегі. Ал құрамында бағалы металлдары бар шикізаттың басым бөлігі шетел асып жатыр. Отандық алтын өңдеуші кәсіпорындар болса, толық қуатында жұмыс істемей отыр.

Мәжіліс депутаттарына «Бағалы металлдар мен асыл тастар туралы» алғашқы заң жобасын таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау осындай мәлімет келтірді. Айтуынша, елдегі зергерлік кәсіпорындардың аяқ алысы да көңіл көншітпейді. Есесіне, бағалы металлдар мен асыл тастардың контрабандасы қызып тұр. Өйткені бағалы металлдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Осыны ескерген вице-министр саланы заңды тұрғыдан тыңғылықты реттеп алу керек дейді.

Альберт Рау, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

Бұл заңда алтын айналымы нақтыланған. Экспорт та осы заңмен реттеледі. Ұлттық банктің басымдығын белгілейді. Және зергерлік  саланы дамытуға негіз болады. Мәселе, алтын экспортын арттыруда емес, зергерлік өнеркәсіп саласын дамытуда. Тағы бір айтарым - бүгінде Ұлттық банк тек  алтын валюта қорын толықтырып отыр.

Жиыннан белгілі болғаны - енді Қазақстан азаматтары үшін жиған-терген қаражатын тазартылған алтынмен сақтауға мүмкіндік тумақ. Қазіргі рұқсат етілген 32 унциялық мөлшерге жаңа заң жобасы тыйым салып отыр. Министрлікке қарасты жауапты комитет өкілі Қанат Баитовтың айтуынша, бұған дейін 32 унциядан асқан алтыны үшін қазақстандықтар қосымша құн салығын төлеп келсе, енді одан босатылады. Демек, қанша алтын сатып алам десе де, азаматтарға ерік берілмек.

Айгүл ӘДЕПБАЙ