$488.45 €529.19 ₽5.04
×

22 қаңтардан бастап «Бала - басты жолаушы» акциясы басталды

AstanaTV
27.01.2015ж. 20:00
1763
22 қаңтардан бастап «Бала - басты жолаушы» акциясы басталды

Өткен жылы балалардың қатысуымен 1400-дей жол-көлік оқиғасы болды. 89 бүлдіршін көз жұмды. Жарақат алған балалар саны 1700-ден асады. Мұндай өкінішті жағдайларды азайту үшін, 22 қаңтардан бастап «Бала-басты жолаушы» акциясы басталды. Перзентхана, мектептер мен балабақшаларда мамандар автобесіктер мен автокреслоларды қолдану тәртібін түсіндіруде. Астана қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері №3 қалалық перзентханада болып қайтты.  Тоғжан Жалғасбекқызы әңгімелейді.

Сайлау Тұрсынов бүгін екінші ұлын перзентханадан шығарып жатыр. Қазір ол жаңа туылған бөбегін көлікте алып жүру үшін, мамандардың кеңесін мұқият тыңдап отыр. Заң бойынша перзентханадан шыққан сәбиді де арнайы автобесікпен алып жүру керек. Полицейлер қауіпсіздік құралдарын пайдалануды түсіндіріп, екі отбасына автобесік сыйға тартты.

Сайлау Тұрсынов, қала тұрғыны:

Бірінші баламызға да автокресло алғанбыз. Үнемі сонымен жүреміз. Екінші балаға енді өздері сыйлап жатыр. Сыйлап жатқандарына рахмет, енді сатып алып жатпаймыз.

Жаңа туған сәбилерге 6 айға дейін автобесіктер пайдаланылады. Ол көлік жүрісіне қарсы қойылуы керек, яғни бала артқа қарап отырады. Нәрестелердің мойын омыртқасы өте әлсіз болатындықтан, көлік бірден тоқтағанда, баланың басы қатты шайқалмау керек. Кеңесші маман, автобесікте жатқан баланың денесі мен аяғы бірдей биіктікте болуы керектігін, айтты. Сондай-ақ, автобесік алдыңғы орындықта болса, қауіпсіздік жастығын міндетті түрде өшіріп қою керектігін қатаң ескертті. Себебі, жастық үлкен күшпен ашылған кезде, бала соққы алуы мүмкін.

Поясной ремень проходит по нижним фиксаторам, диагонально ремень как бы обнимает спинку. Обязательно, когда закрепляете, подергайте ремень, чтобы он был жестко закреплен, ни в коем случае ослабленные ремни не должны быть.

Балаға автокресло таңдағанда 4 жасқа дейін физиологиялық жасына мән беру керек. Себебі, сүйегі қатаймаған сәбилер үшін мұндай құрал таңдауда өте мұқият болған абзал. Ал 4 жастан асқан балалардың  бойына, салмағына қарай таңдаған дұрыс. Айта кетерлік бір жәйт, балалармен болатын көлік апаттарының көпшілігінде ата-ана кінәлі болады,- дейді мамандар.

Тахир Абдурахманов, Астана қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы: 

Ата-аналардың балаға қауіпсіздік белбеулерін тақпауынан, арнайы құралдарды пайдаланбауынан балалар мерт болуда. Үлкендер, салонда бала отырғанын біле тұра, жол ережесін бұзады. Және баланы қолда ұстаудың аса қауіпті екенін айтқым келеді. Апат бола қалған жағдайда, сіз алдыңызда отырған сәбиді өз салмағыңызбен езіп жібересіз.

12 жасқа дейінгі балаларды арнайы құралдарсыз көлікте алып жүруге тыйым салатын ереже 7 қаңтардан бастап күшіне енді. Әлемнің 80-нен аса елінде осы талап сақталған. Мамандар сондай автобесіктер бағасының қымбат болуы міндетті емес деді. Сапасы талапқа сай болса, болғаны. Осы айдың өзінде елімізде жол апатынан 6 бала қайтыс болып, 17-сі жараланған.  

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ