$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайы «майдангер әйелдер» тақырыбын зерттеуге кірісті

AstanaTV
27.01.2015ж. 20:00
1792
Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайы «майдангер әйелдер» тақырыбын зерттеуге кірісті

Соғыстағы әйел бейнесі. Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайы «майдангер әйелдер» тақырыбын зерттеуге кірісті. Зерттеушілер Ұлы Отан соғысына қатысушылармен бірге тыл еңбеккерлері жайында да ақпарат жинауда. Қазірдің өзінде олар 15-тен астам әйелдің жеке мұрағатын тапқан. Естеліктер жинағының көрмесі халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жұртшылық назарына  ұсынылмақ.

Жасы 90-ға таяған Елена әжей - «Соғыстағы әйел бейнесі» көрмесінің көзі тірі кейіпкері. Ол 1943 жылы 17 жасында Татарстанның шалғай ауылынан майданға аттанады. Өзі секілді өрімдей жерлестерімен бірге 10 шақты күн әскери дайындықтан соң, Украинаға жіберілген. Ал өзі соғыста атқыштың да, барлаушының да қызметін атқарғанын мақтан етеді.

Елена Бекетова, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Шайқаста қорқынышты ұмыттық. Тістеніп алатынбыз. Атыс аяқталған соң ғана бойың босап, тірі қалғаныңа шүкірлік етесің. Немістер төбемізден атқылап жатқанда, жылап отырып алмаймыз ғой.

Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайы соғыс кезіндегі нәзік жандылар бейнесін барынша әсерлі етіп ұсынбақ. Төбеге әскери жорықта қолданатын тор тартылып, астында әйелдердің шайқастағы кейпі бейнеленетін болады. «Сарғайған суреттер мен сағыныш хаттар, жауынгер қыздардың күнделіктері де осы жерден орын алады», - деді мұражай қызметкерлері. 


Хайниса Мұстафина, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының суретшісі:

Кочмарик Евгения Павловна деген әйел соғыс кезінде Балтийский флотта темір жолда жұмыс істеген. Оның қыздары, немерелері естеліктерін сақтап, мұражайға тапсырды. Бұл - өте құнды дүниелер.

Мұражайдағы көрмені ұйымдастырушылар, соғыс жылдарындағы әйелдер жайлы деректер тым аз екенін айтты.  Десе де, Кеңес Одағы тұсында миллионға жуық қыз-келіншектің майданда ерлерден кем шайқаспағанын ешкім жоққа шығара алмас. 17-18 жасқа толысымен, өрімдей қыздар майданға аттанды. Тылда еңбек еткендері қаншама?! Құрылыста, темір жолда, ірі өндірістерде, егістікте жұмыс істей жүріп, олар балаларға да қамқор бола білді. Бар уақытын еңбекке арнап, жастық шағын құрбан етті.

Татьяна Хмелева, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

Осы жерден қанша әйелдер майданға шақырылды, қаншасы оралды? Ол туралы ақпарат жоқ. Бірнеше ондаған жылдар бұрын, осы іспен айналысқан әскери комиссариаттың мұрағаты жанып кеткен болатын. Сондықтан біз әскерге шақырылғандарды білмейміз, қайтыс болғандарды ғана білеміз. 

Теміртаудың тарихи-өлкетану мұражайы бүгінде 15-тен астам жауынгер әйелдің жеке ісін тапты. Деректерді жинастыру әлі де жалғасып жатыр. Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында теміртаулықтар соғыстағы нағыз әйел бейнесімен танысатын болады.

Айжан ҚУАШ