Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың
Атырау қаласындағы насихат жұмыстары жалғасуда. Өндірістік қауіпсіздікке
басымдық берген үміткердің мұнайлы өңірде 3 бірдей кездесу өткізуі бекер емес.
Кандидаттың көтеріп жатқан мәселелері жайында естіген жергілікті халық,
штабтарға келіп сайлауалды бағдарламамен толығырақ танысуға қызығушылық танытып
жатқан көрінеді.
Кандидат Құсайыновтың өндірістің экономикалық пайдасының көлеңкесінде
қалатын экологиялық зардаптары жөніндегі сөздері мұнайлы өлкенің азаматтарына
ерекше қызық. Сол себепті үміткер Атырау қаласының тұрғындарымен қатарынан
үшінші кездесу өткізуде. Қаланың Достық үйінде жиналған халыққа үміткер
«адамзат - табиғаттың ажырамас бөлшегі» деген байламын тағы бір қайталады. Оның
сөзінше, технология қанша ілгері кеткенімен, адам баласының табиғатқа
тәуелділігі еш кемімейді.
Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:
Бүгінде адамның кез келген іс-әрекеті - өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық,
рекреациялық - табиғатқа әсер етіп, оны өзгеріске ұшыратады.
Сол себепті жер ананың күтіміне жеңіл қарауға болмайды, дейді Әбілғазы
Құсайынов. Кандидаттың бастамасына Маңғыстау өңірінің экологтары қосылады.
Қазіргі саясат экономикаға басымдық бергенімен, экология мәселесіндегі
бейқамдықтың келешекте құны қымбатқа түсуі мүмкін.
Саламат Нұрұлы, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:
Өндірістегі қауіпсіздікті сақтау арқылы біз - дүниедегі ең қымбат
адамды сақтаймыз. Екінші өндірістегі экологиялық жағдай. Өндірісті өндіру бар,
ондағы экологиялық талаптар бар. Міне, осы тұрғыдан біздің Әбілғазы Құсайынов
өте мәнді нәрселерді көтеріп жүр.
Үміткердің Алматы облысындағы жақтастары да белсенді. Талдықорған аймақтың
штабында кандидаттың 30-ға жуық сенімді өкілі бар. Олардың барлығы түрлі
мамандық иелері. Алайда олар Әбілғазы Құсайыновтың көтеріп жатқан мәселелерінің
маңыздылығын жете түсінген. Ұстанымы бір 30 сенімді өкіл шаһарда кандидаттың үш
мыңнан астам үгіт кітапшаларын таратып, 3 билборд бекітті. Белсенді жұмыс өз
жемісін беруде. Кері байланысты сенімді өкілдер басты жетістік санайды.
Серік Досмұрзанов, ҚР
Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:
Аудан тұрғындары келіп хабарласып, сұрап осы мәселелерді, осы мәселелердің
мәнін бізден сұрап білуде. Біз оны халыққа түсіндіріп жеткізудеміз.
Осылайша, үш кандидаттың да үгіт-насихат жұмыстары шешуші күн алдында ширай
түсуде. Сайлау күніне 8 күн қалды. Десе де, штаб өкілдері әлі де атқарар жұмыс
көп дейді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ