Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан
Жоламановқа қатысты сот процесі жалғасуда. Бүгін мамандандырылған әскери сотта
айыптаушы тарап шақыртқан 86 куәгердің тоғызы тыңдалды.
Сот процесінің осы кезеңінде Шекара қызметінің мемлекеттік
сатып алу байқауларына қатысты қызметшілерінің пара алу фактілері бойынша
түсініктемелері тыңдалды. Жоламановқа қатысты істі қарап жатқан әскери сот
төрағасы Ербол Ахметжанов, БАҚ өкілдеріне кезекті сот процессі барысында аудио,
видео құралдарын қолдануға тыйым салды.
Алайда, сот приставтарының айтуынша, бұл шектеу бүгінгі отырысқа ғана қатысты.«Алдағы сот процестеріне бұқаралық ақпарат құралдарының кіруіне және
түсірілім жүргізуге рұқсат мәселесі бойынша шешімін сот төрағасы өзі жариялайды» -
деді.
Еске салайық, Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановқа аса ірі
көлемде пара алды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны өзі басқарды деген
айыптар тағылып отыр. Ол өткен жылдың 27-қазанында ұсталған еді.
Жұрағат БАМАН