$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Жамбыл облысында апатқа ұшыраған АН-2 ұшағына отын ретінде бензин қолданылуы мүмкін

AstanaTV
28.01.2015ж. 20:00
1335
Жамбыл облысында апатқа ұшыраған АН-2 ұшағына отын ретінде бензин қолданылуы мүмкін

Жамбыл облысында апатқа ұшыраған АН-2 ұшағына отын ретінде кәдуілгі бензин қолданылуы әбден мүмкін. Бұл туралы бүгін Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұқтыбаев мәлімдеді. Ұшақ қозғалтқышын құрастырушылардың кеңесінен соң, аталған ұшақтарға қарапайым бензин құюға рұқсат бар көрінеді. 

Серік Мұқтыбаев, ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

2006 жылдан бері бұйрық бар, оған сәйкес авиация саласында әуе кемелеріне бензин құюға болады. Бұл бұйрық 3 жылдық сынақтар негізінде, аталмыш ұшақтың қозғалтқышын құрастырушылармен кеңесе жасалды. Қазір Қазақстанда 115 дана АН-2 ұшағы қолданыста.

Бірақ апатқа осы жағдай себеп болды ма, жоқ па - әзірге белгісіз. Серік Мұқтыбаевтың сөзінше, тергеу амалдары 2-3 айға созылады. «Ал тергеу аяқталған соң, қажет болса, еліміздегі осы типтегі барлық әуе көліктері тексерістен өтуі мүмкін», - дейді Азаматтық авиация комитетінің өкілі.

20 қаңтарда құлаған ұшақ қаңқасы Алматыға жеткізілді. Сондай-ақ Мұқтыбаев осыдан дәл 2 жыл бұрын Алматы маңында құлаған CRJ ұшағы апатының себептері бойынша шет елдік мамандардың сараптамасы бар екенін айтты.»Тергеу жұмыстарын жүргізіп отырған арнайы комиссия алдағы айда қорытындысын жариялауы мүмкін»,- деді. Айта кетейік, соңғы 5 жылда елімізде 28 ұшақ апаты тіркелді. Ал өткен аптада болған АН-2 ұшағы апатынан алты адам көз жұмды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ