$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда «Қазпошта» қызметкерлерінің әлдебір заттан улану белгісі байқалған

AstanaTV
28.01.2015ж. 20:00
1680
Атырауда «Қазпошта» қызметкерлерінің әлдебір заттан улану белгісі байқалған

Бүгін түс ауа «Қазпошта» АҚ Атыраудағы бөлімшелерінің бірінде оқыс оқиға орын алды. Ондағы қызметкерлерде әлдебір заттан уланудың белгісі байқалған. Куәгерлердің айтуынша, халыққа қызмет көрсетіп жүрген мамандар өздерін жайсыз сезінеді. Барлығын аяқ астынан жөтел қысады. Дене қызуы да бірден көтерілген. Дереу жедел жәрдем шақыртылып, 5 адам облыстық ауруханаға жөнелтілді. Поштаға келген тұрғындар да мазасызданып, ғимараттан жылдам шығып кеткен. 

Салтанат Сәденова, куәгер, пошта қызметкері:

Сағат 2-лерде болған оқиға. Бір мезетте болды. Ана жақта отырдық. Осы жерде отырғандар бастары ауырып, жөтеліп, кейбіреулерінің үстерінде қышу пайда болды. Сосын келіп жедел жәрдем алып кетті. Клиенттердің бастары ауырып, жөтеліп, шығып кетті далаға.

Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері уайымдайтын ештеңе жоқ деп отыр. Науқастарға алғашқы көмек көрсетілген соң, барлығы үйіне қайтарылды.

Сайын Шомиров, Атырау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Токсиколог дәрігерлер қарады. Көп шағымдары жоқ. Тек тамақтарымыз қышыды деген шағым бар. Ауруханаға жатқызатын көрсеткіш болмағандықтан, үйлеріне жібердік. Токсикологтың айтуынша, улану болуы мүмкін дейді.

Шұғыл ақпар төтенше жағдайлар департаментіне түскен бойда, прокуратура мен ішкі істер басқармасының өкілдері оқиға орнына жеткен. Болған жайтқа қатысты тексеру шаралары басталды.

Ерлан Құтқожа, Атырау қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Уланудың себептері әзірге белгісіз. «Қазтрансаймақ», ішкі істер басқармасы қызметкерлері, прокурорлар жұмыс жасауда. Тергеу амалдары жүргізілуде. Мүмкін деген барлық варианттарды қарап жатырмыз. Ғимаратта бейнебақылау орнатылған. Бейнежазба да тексерілетін болады.

Базаркүл ІЗІМОВА