$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Мәжілісмен Киколенко Қостанайда уақыт белдеуін өзгертуді ұсынды

AstanaTV
29.01.2015ж. 10:00
1313
Мәжілісмен Киколенко Қостанайда уақыт белдеуін өзгертуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Ольга Киколенко Қостанай облысын жазғы уақытқа ауыстыруды ұсынды. Осы мәселеге қатысты ол Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Алайда аймақ тұрғындары мен әлеуметтік сала мамандары сағат тілінің кейін шегерілуіне үзілді-кесілді қарсы.

Әсіресе,таңмен таласа жұмысқа баратын дәрігерлер мен ұстаздар қауымы уақытты өзгертудің еш қажеттігі жоқ дегенді айтады. Депутаттың айтуынша, Қостанай облысының уақыты жағрафиялық белдеуден 1 сағат 46 минутқа ілгері.

Яғни «бұл, астрономиялық уақытпен арадағы айырмашылықтың аса үлкен екенін көрсетеді» Мәжілісмен, «мәселені шешу үшін қосымша қаржы қажет емес, егер аймақ уақыты 60 минутқа шегерілсе, тұрғындардың жағдайына жақсы ықпал етеді»- деген сенімде.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшесі:

Қостанай облысының стандарттық уақыты өзінің жағрафиялық белдеуінен 1 сағат 46 минутқа озып отыр. Бұл еліміздегі облыстардың арасындағы ең үлкен айырмашылық. Осының бәрін ескере отырып, тиісті мемлекеттік органдар жергілікті уақыт пен табиғи-жағрафиялық мезгілдің синхрондығы туралы мәселені зерттеуді тапсыруды сізден сұраймын.

Бүкіл Қазақстандағы секілді Қостанай өңірінде де уақыт соңғы рет 2005 жылы өзгертілді. Содан бері өңір тұрғындары жазғы уақытқа ауысу деген ұғымды ұмытқан еді. Енді оны қайта қараудың қажеті жоқ, деп санайды. Біз сұрау салған тұрғындар арасында осы пікірді қолдаушылар көп.

Гүлжихан Оразбаева, ұстаз:

Сол қалпында қала берсе деймін. Өйткені біз үйреніп алдық сол уақытқа. Өзгертудің керегі жоқ. Қайтадан соған көндіккенше, бұрынғыдай бола берсін.

Айна ҰЗАҚБАЙҚЫЗЫ, ұстаз:

Шегертудің түкке керегі жоқ. Бұл менің жеке ойым. Өйткені, балалар таңертең мектепке қараңғыда келеді, ал екініші аусымда оқитын оқушыларға кішкене ауыр болады. Сағат жетіде сабақтан шығатындар сегізде шығуы керек. Бұл тым кеш.

Ал, дәрігерлер уақыттың өзгеруі денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін дегенді айтады. Өйткені адам ағзасы көп жылдар бойы қалыптасатын биологиялық уақытқа бағынады екен.

Марат Аймәкенов, Қостанай қалалық №2 емхананың дәрігері:

Негізі мынау уақытқа үйренген соң, уақытты өзгертудің қажеті жоқ. Өзгерсе біздің организмге өте қиын болады. Әсері болады.

Халық қалаулысы көтерген мәселеге қатысты қала тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Біреулер қолдаса, келесілері қарсы болды.

Қалыптасып кеткенше, әрине, қолайсыз болады.Әрі кешке қарай қараңғы. Сабаққа баратын оқушылардың жағдайы не болады?

Дұрыс болады ендеше. Балалар ұйқысын қандырып сабаққа барады.

Уақыттың өзгеруіне өңір тұрғындарының көбісі наразы. Әсіресе баласы түстен кейін оқитын ата-аналар алаңдаушылық білдіруде. Олар кешкі қараңғылықтан қауіптенеді.

Заңғар САНАЙ