«Нұр Отан» партиясы Қостанай
облыстық филиалынан 30-дан аса делегат Елордаға келді. Олар ертең өтетін
пратияның кезектен тыс XVII съезіне қатысады. Делегаттарды теміржол вокзалынан
біздің түсіру тобымыз да қарсы алды. Олардың құрамында аудандық бастауыш партия
ұйымдарының мүшелері, Қостанай педагогикалық институты басшылығы, дәрігерлер
мен жастар да баршылық.
Еске салайық, съезд жұмысына еліміздің барлық
өңірлерінен 2200 адам қатысады деп күтілуде. Олардың 600-ден астамы «Нұр Отан» партиясы аймақтық филиалдары саяси кеңестерінің кеңейтілген
отырысында сайланған. Кезектен тыс съезд барысында партияның сайлауалды
бағдарламасы қабылданып, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудың партиялық
тізімі бекітіледі. Сонымен қатар партия Саяси кеңесінің құрамындағы өзгерістер
қаралады деп жоспарланған.
Михаил Дәуренов, Қостанай мемлекеттік университеті ректорының
кеңесшісі, Азаматтық қоғам төрағасы:
Бұл 17 съездің ішіндегі
айырмашылығы бар съезд. Себебі қиын кезеңде, қазіргі әлемде болып жатқан
жағдайда біздің Қазақстанымыздың өзінде маңдайы тіреліп отырған қиындықта, ертең, бұйырса, партияның бағдарламасын естіп, соны қолдауға келдік. Және де кезектен
тыс сайлауға өздеріміздің кандидаттарымызды ұсынып, әрі қарай жұмыс жасаймыз.
Абылайхан Какенов, «Нұр Отан»
партиясы Қостанай облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі:
Ең бастысы қазір бүкіл
халқымызға, елімізге ауызбіршілік керек. Осы ауызбіршілікті сақтау үшін, ең
біріншіден, осы үлкен съезд ұйымдастырылып отыр. Осы съезде алдымызға қойған
мақсаттарымызды біздер де міндетті түрде жүзеге асырып, халыққа жеткізіп,
Қостанай облысының халқына Елбасының аузынан естіп, оны жеткізе отырып,
өзіміздің жұмысымызды міндетті түрде атқарамыз.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА