Теміртауда ауыз су жүйесі қалыпқа келтіріле бастады. Тасқын салдарынан
ластанған су тазартылып жатыр. Бұл туралы коммуналдық қызмет өкілдері
хабарлады.
Сусыз қалған бірнеше көшені қаланы сумен қамтамасыз ететін «Оқжетпес»
серіктестігі Ертіс каналына қосқан. Қазір үйлердің барлығында ауыз су бар.
Дегенмен, коммуналдық қызмет өкілдері су қысымының төмендегенін жасырмайды.
Еске салсақ, 5 күн бұрын Мұстафин
ауылы маңында екі бірдей су ұңғымасы селдің астында қалған еді. Салдарынан
Теміртау қаласының ескі бөлігінде бірнеше көше ауыз судан ажырады. Қазір
мамандар ластанған ұңғымалардағы суды хлорлап, тазалауға кіріскен. «Оқжетпес»
серіктестігінің мамандары тасқын салдарынан қалыптасқан жағдай бір жарым
аптадан кейін түзеледі деп отыр. Ал облыс аумағындағы топан судан зардап шеккен
36 елді мекенде жағдай біртіндеп қалыпқа келуде. 12 мыңнан астам тұрғын
қауіпсіз жерлерге көшірілген.
Айжан ҚУАШ