Қызылордада мектеп оқушыларының улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Балалардың жаппай аурухана төсегіне таңылу себептері әлі белгісіз. Астанадан
арнайы келген мамандар тексеру жұмыстарын жүргізуде. Соңғы бір аптада аталған
мектеп-гимназияда екі бірдей жаппай улану фактісі орын алып, 81 оқушы мен 2
оқытушы ем қабылдауға мәжбүр болған.
Қалтай Мұхамеджанов атындағы оқу ордасында өткен жұмада 67 оқушы ұшыну белгілерімен
ауруханаға жеткізілген. Олардың барлығы бас ауырып, жөтел қысатынын, тыныстау
қиындағанын айтып шағынданған. Араға төрт күн салып, аталған гимназиядан 14
бала тағы да ауруханаға түскен еді. Дәрігерлер қазір 49 науқас емделіп жатқанын
айтады.
Күләш Рысмұхамедова, Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
Енді бұл балаларды жалпы айтсақ, үйге де шығаруға болады. Демек біз қосымша
ауруларын зерттеп, ауруханаға түскесін осындай жағдаймен зерттеп, тексеріп,
сөйтіп жатырмыз.
Аймақтағы Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары мектепте
зерттеу жүмыстарын бастағанмен, нәтиже болмай тұр. Зертханалық тексерулер
қорытындысын күтіп отыр.
Марат Аралбаев, Қызылорда қаласы Білім бөлімінің басшысы:
Прокуратура бар, құқық қорғау органдары бар, облыстық денсаулық сақтау
басқармасы бар, төтенше жағдайлар басқармасы бар, білім бөлімі бар, арнайы
дәрігерлер бар, бәрі де кеше ата-анамен кездесті. Қазіргі таңда соңын іздестіру
жұмыстары жүріп жатыр, Не зат екені әлі белгісіз. Оны зерттеу анықтайды.
Тілші:
Қазір осы оқиғаға орай қылмыстық іс қозғалған. Прокурорлар бірнеше болжамды
қарастырып жатқандарын жеткізді. Оқушылар белгісіз газдан улануы мүмкін.
Әкім Адай, Қызықорда қаласының прокуроры:
Қылмыстық іс Қылмыстық Кодекстің 293 бабының 1 бөлігімен қозғалған, яғни,
бұзақылық дерегі бойынша. Еңді іс бойынша бірнеше болжамдар болып отыр. Ол улы
газ бойынша болмаса канализацияға қатысты ма - осылар бойынша тексерулер
жүргізіліп жатыр. Көрген куәгерлер іс бойынша сұралып жатыр.
Шарипа Сақтапова, тілші:
Жалпы бір апта ішінде бірден сексеннен астам оқушысы уланған мектепте оқу
процесі күнделікті тәртібімен өтіп жатыр. Балалары үшін аландаған ата-аңаның
үрейі мен күмәнін тиісті мамандар сейілткен сияқты. Ал жаппай уланудың себебі
жан-жақты зерттеулерден кейін жария етіледі.
Шарипа САҚТАПОВА