Алматы
облысында орын алған тікұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы
оқиғаның себеп-салдарын арнайы құрылған мемлекеттік комиссия анықтамақ. Ал облыс әкімдігінің баспасөз қызметі, қаза тапқандардың туыстарына көмек ретінде
1 миллион теңге бөлінетінін хабарлады. Қайғылы жағдайға орай енді Инвестициялар және даму министрлігі және көлік прокуратурасы бірлесіп
санитарлық авиацияның көліктерін тексеруді жоспарлап отыр.
Іздеу
жұмыстарын ұйымдастыру штабының мәліметінше, оқыс оқиға кеше кешкі сағат 7-лер
шамасында Қапал елді мекенінің аумағында болған. «Аспан» акционерлік
қоғамына тиесілі MD 600-N санавиация тікұшағы күндізгі сағат 3 жарымдарда
Үшарал қаласынан науқас баланы алып, облыс орталығындағы ауруханаға жеткізбек
болған. Алайда диспетчерлер тікұшақпен байланысты жоғалтып алады. Ізінше 500
маман мен 70 арнайы техника шұғыл іздестіру
жұмыстарына кірісті. Тек бүгін таңертең ғана тікұшақтың сынықтары мен
жолаушылардың мәйіті табылды.
Ем-домға
зәру болған жандар мен оларға көмек қолын созбақ болған санавиация ұжымы
тікұшақ апатынан ажал құшты. Бортта болған ұшқыш, гематолог-дәрігер, санавиация
фельдшері, 2 айлық науқас сәби мен оның анасының денесін туыстары мәйітханада
таныды.
Құтқару
қызметінің мәліметіне сүйенсек, төтенше жағдай Қапалға баратын жолдың
бұрылысынан 3 шақырымдай жерде болған. Демек облыс орталығына шамамен 40
шақырым қалған.
Руслан
Иманқұлов, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар
комитетінің ресми өкілі:
Тікұшақ
апатының себептері анықталатын болады. Осы апатқа орай қылмыстық іс қозғалды.
Ол ІІМ-нің тікелей қадағалауында болмақ.
Апатқа
ұшыраған әуе кемесі «Аспан» жеке компаниясына тиесілі. Әуе көлігін тікұшақпен
ұшуда 3 мың сағаттан аса тәжірибесі бар ұшқыш Виталий Кондратюк басқарған. Тікұшақтың техникалық ахуалы
жайында әуе кемесінің қожайындарынан сұрамақ болған едік, бірақ олар бізбен
тілдескісі келмеді. Ал компания өз сайттарында ресми хабарлама жариялады. Онда:
"Тікұшақ ауа-райының қолайсыздығынан апатқа ұшырауы мүмкін, әуе көлігі
бағанаға соғылған," - делінген.
Айдар
Башбаев, Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазір
басты міндет - қайтыс болған адамдардың жерлеу рәсімін өткізу және көмек көрсету.
Облыстық бюджеттен қайтыс болған азаматтардың әрқайсысына 1 млн теңге қаржылай көмек көрсетілетіні туралы шешім
қабылданды.
Соңғы
7 жылдың ішінде «Аспан» компаниясына тиесілі MD 600-N тікұшағы осымен екінші
мәрте апатқа ұшырап отыр. Алғашқысы 2009 жылы Қарағанды облысы аумағындағы мемлекеттік ұлттық табиғи паркін әуеден
бақылау барысында жерге құлаған болатын. Ол кезде адамдар аман қалды. Алматы
облысындағы оқыс жағдайдан кейін Инвестициялар және даму министрлігінің
баспасөз қызметі, енді көлік прокуратурасымен бірлесе санитарлық авиацияның
барлық көліктерін тексеруді бастайтындарын, хабарлады.
Айгүл
ЕРМАХАН