$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Ақтөбелік кәсіпкерлер спирттік ішімдіктерді саудалаудан бас тартуда

AstanaTV
03.02.2015ж. 20:00
1471
Ақтөбелік кәсіпкерлер спирттік ішімдіктерді саудалаудан бас тартуда

Ақтөбелік кәсіпкерлер спирттік ішімдіктер саудасынан бас тартуға мәжбүр. Халал өнімдер саудасына көшкендіктен емес, лицензиялық төлемнің артуынан. Биылдан бастап алкоголь өнімдерін сату үшін, кәсіпкерлер жыл сайын міндетті лицензиялық төлем жасауы тиіс. Қалада орналасқан сауда орындары үшін оның мөлшері 100 айлық есепті көрсеткіш көлемінде. Ал, ауылдағы кәсіпкерлер 30 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі төлемақыны мемлекет қазынасына құюға міндеттелді. Шағын дүкен ұстайтын кәсіпкерлер наразы. Олар лицензиялық төлемнің тым қымбаттығын айтып, өңірлік кәсіпкерлер палатасына шағымданды.

Мемлекет тарапынан шағын-орта бизнеске көрсетіліп жатқан қолдауға қарамастан, салық заңнамасына биыл енгізілген бірқатар өзгерістер кәсіпкерлердің қалтасын қағатын түрі бар. Әсіресе ащы су саудасына салынатын төлем шағын дүкен иелерін біраз есеңгіретті. Шаһардағы сауда орындары үшін жылдық салық көлемі 200 мың теңге шамасында. Және ол 20 қаңтарға дейін төленуі тиіс. Уақытылы төленбесе, 150 айлық есепті көрсеткіш көлеміндегі айыппұлы тағы бар.

Балзия Даутова, кәсіпкер:

Біз лицензиялық төлемді 20 қаңтарға дейін төледік. Шығынға батқанымызбен, амал жоқ енді. Таныстарымыздан қарыз алуға тура келді.

Бектұрған Ідірісов, кәсіпкер:

Саудалық үстемақымыз 10-12 пайыз. Осыны ескерсек, айына шамамен 6-7 мың теңге ғана пайда көреміз. 12 айға есептегенде, 72-80 мың теңге. Ал 200 мыңды қайдан аламыз?

Салық басқармасындағылар аймақтағы кәсіпкерлердің тек 70 пайызы ғана аталмыш төлемді өтегенін хабарлады. Негізінен ірі сауда орындары салықтың бұл түрінен құтылған. Қалғандарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Арасында спирттік ішімдікті саудалаудан бас тартуға бел буғандары аз емес. 

Марат Балғазин, Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бас маманы:

Салық төлеушілердің көбі спирттік ішімдікті саудалаудан бас тартты. Осыған орай лицензияларын кері қайтаруда. Пайызға шаққанда кәсіпкерлердің 10 пайызы десе де болады. Қалған 20 пайызына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Ақтөбе облысында 30 мыңға жуық кәсіпкер сауда саттық саласында жұмыс істейді. Лицензиялық төлемді өтеуге қиналғандардың бірқатары кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрай келді. Жалпы салық заңнамасындағы жаңа өзгерістерге наразылар саны уақыт санап артуда. 

Нұрбол Аймағамбетов, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

Осы салық түрін салуда  сауда нүктесінің тауар айналымы ескерілсін деген ұсынысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдадық. Олар қазір қарап жатыр. Тиісті ұсыныстар Ұлттық экономика министрлігіне де жолданды.

Қарапайым тұтынушылар мемлекеттің бұл қадамын қолдайды. Оның үстіне кешкі сағат 9-дан кейінгі арақ-шарап саудасын қатаң бақылауға алу қажет дейді.

Мен өзім ішпеймін. Сондықтан дұрыс деп ойлаймын. Арақ ішпеу үшін істеліп жатқан шығар деп ойлаймын.

Қазақстан қазір суицидтен 1-ші орын алады. Бұл бүкіл баспасөзде бүкіл дүние жүзіне белгілі. Осының негізгі себебі осы арақ, наркотик, анау-мынау заттар.

Кәсіпкерлер лицензиялық төлем көлемін азайтпаса да, міндетті соманы жыл барысында өтеуге мұрсат беруді өтінеді. Айта кетейік, мұндай лицензиялық төлемдерді бұған дейін кәсіпкерлер арақ-шарап сатуға рұқсат алған кезде бір-ақ төлейтін. Салық кодексіндегі жаңа ережеге сай енді оны жыл сайын төлеуге міндетті.  Және бұл талап тек ақтөбелік кәсіпкерлерге ғана емес, елдегі барлық сауда орындарына ортақ.

Мансұр ЕСҚОЖИН