Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Астанаға келді

AstanaTV
03.02.2015ж. 20:00
1170
АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Астанаға келді

Құрама Штаттарының Қазақстандағы жаңа елшісі Джордж Крол Астанаға келіп, қызметіне кірісті. Ақпаратты елшіліктің баспасөз қызметі таратты. Еске салсақ, Джордж Крол 8 қаңтарда Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Елшісі ретінде ант берген еді.

Айта өтейік, осыған дейін ол үш жарым жыл бойы Өзбекстанда елші болған. Крол бұрынғы Кеңес одағының бірқатар елдерінде дипломатиялық жұмыстар атқарған. 2003-2006 жылдары Құрама Шаттардың Беларусьтегі елшісі міндетін өткерген. Сондай-ақ, Варшава, Нью-Дели, Санкт-Петербург, Мәскеу, Киев және Минск қалаларындағы АҚШ елшіліктерінде, оған қоса АҚШ Мемлекеттік департаментінің Ресей істері бюросының директоры және айрықша тапсырмалар жөніндегі елшінің жаңа тәуелсіз мемлекеттер бойынша арнайы көмекшісі ретінде қызмет еткен.  Сондай-ақ, кешегі күнге дейін Мемлекеттік департаменттің Оңтүстік және Орталық Азия істері бюросында АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары міндетін де атқарған.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА