×

Елдегі құрылыс индустриясы қалай дамып жатыр?

AstanaTV
28.01.2016ж. 20:00
3385
Елдегі құрылыс индустриясы қалай дамып жатыр?

Құрылыс индустриясында отандық өндіріс орындарының өнімін қолдану артып келеді. Шығарған тауарымен ішкі сұранысты ғана қамтып қоймай, өнімді сыртқа шығарып жатқандары да бар. Дағдарысқа қарамастан, әлеуетін арттыруға кіріскен мұндай кәсіпорындарды еліміздің әр түкпірінен табуға болады. Олардың бірі өндіріс қарқынын арттырса, енді бірі бұған дейін шетелден тасымалданып келген өнімдерді шығаруды жолға қойған. 

Полиэтилен мен полипропиленнен тұрмысқа қажетті ыдыс-аяқ жасап келген Оралдағы жергілікті компания енді газ, су және телекоммуникацияға қажетті диаметрі 1,5 метрден асатын үлкен құбырлар жасауды қолға алды. Бұған дейін бұл материал Ресей мен Еуропадан тасымалданған. Бүгінде отандық кәсіпорын өндіріс көлемін үш еседей арттырып, құбырды өздері жүргізуге де машықтанған.

Алексей Втюрин, цех шебері:

Былтыр зауытта 6 000 тонна шикізат өңделді. Енді өз өнімімізді көрші Ресей мен Қырғыз еліне экспорттап жатырмыз. Болашақта Тәжікстан нарығына шығып, өндіріс көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз. Өнімді ұлғайтамыз.

Ал Қарағандыда жылыту радиаторлары шығарылады. Әлемдік дағдарыс зауыттағы өнімнің экспортына әсер етті. Есесіне ЭКСПО нысандарында отандық өнімдер пайдаланылмақ. Сапасы да, бағасы да көңілге қонымды. Кәсіпорын шикізатты «Арселор Миттал Теміртау» компаниясынан сатып алуда. Мамандар, отандық шикізат бағасының көтерілуі өндірісті тежеп отыр, дейді.

Инна Радченко, серіктестіктің бас директорының орынбасары:

Валюта құбылған кезде экспорттың 20% жоғалттық. Әрі металл бағасы да 4 рет өзгерді. Амалдың жоқтығынан бағаны көтеруге мәжбүр болдық. Әрі Ресейде жолдарды ақылы қылып жіберді де, табыстың елеулі бөлігі сонда кетті. Бұл аздай бензин бағасы да өсті. Жыл сайын логистика мәселесін көтерсек те, әзірге нәтиже шығар емес.

Қызылорда өңіріндегі іскер азаматтар тасымалдау арқылы шығын көргенді жөн санамайды. Сондықтан алғаш рет салынып жатқан шыны зауытына шикізат ретінде жергілікті өнімдерді пайдалануда. Зауыт іргетасына Қармақшының құмы мен Жаңақорғанның қиыршық тасы, Шымкенттің цементі пайдаланылды.

Бегалы Тоқаев, зауыттың құрылыс жөніндегі директоры:

Шыны өндірісіне жергілікті шикізат пайдаланылады. Кварц құмы және кальцийлендірілген сода Арал ауданынан, әк Шиелі ауданынан, доломит Жанақорғаннан. Келесі жылы жазда алғашқы өнім шығарылады деп күтілуде. Дайын өнімнің 70 пайызы Қазақстанның ішкі нарығын қанағаттандырады, қалғаны шетелге экспортталады.

Қызылжарда да ілгерілеушілік байқалуда. Мұнда заманауи құрылыс блоктары шығарылады. Жылуды ұстап, суықты өткізбейтін бетон мен пенопласттан жасалатын үлкен кірпіштер әзірге ішкі нарықты қамтып отыр.

Анатолий Соболев, кәсіпорын жетекшісінің орынбасары:

Көктемге тапсырыстар түсіп жатыр. Қазір қоймада он үш мыңға жуық блок бар. Оның жартысы сатылған. Экономикалық жағдай тұрақталғасын, бұл блоктарды экспортқа шығарамыз. Шетелде біздің өнімге сұраныс болады деп ойлаймын. Себебі бағасы қолжетімді.

Соңғы жылдары елімізде құрылыс жұмыстары қарқын алуда.  Ал мұндағы басты қозғаушы күш тың технологиялар мен мықты маркетинг екені ескерілуі тиіс.

Еркін КАРИН, Шарипа САҚТАПОВА, Абзал ҚҰРМАНКИН