$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Қазақ анимациясының атасы Әмен Хайдар өмірден озды

AstanaTV
05.02.2015ж. 13:00
1301
Қазақ анимациясының атасы Әмен Хайдар өмірден озды

Қазақ анимациясының атасы Әмен Хайдар өмірден озды. Айрықша өнердің негізін қалаушы талантты кинорежиссер, суретші 92 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Өнер қайраткерінің тарихта қалған туындылары көп.

Барлығымызға бала күннен таныс «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «40 өтірік», «Құйыршық» және басқа да көптеген мультфильмдерде Әмен Хайдардың қолтаңбасы сайрап тұр. Ұлттық анимацияның алғашқы қарлығашы болған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі Бүкілодақтық кинофестивальде озып шықты.

1975 жылы Нью-Йоркте өткен Халықаралық анимациялық фильмдер сайысында жүлдегер қатарынан көрінді. Бұл туынды әлемнің 48 елінде көрсетілген. Талантты график әрі карикатурашы - 40-қа жуық саяси плакаттың және түрлі тақырыптағы картиналардың авторы.

Әмен Хайдар - Отан соғысына қатысқан азамат еді. 1993 жылдан бері Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында анимация бойынша дәріс берді. Қазақ қоғамында ойып тұрып орын алған тұлғамен қоштасу ертең сағат он бірде Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында өтеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ