2015 жылы АҚШ-тың жер үсті мұнай ұңғымаларының
қоры 27 мыңға дейін, немесе 26 пайызға қысқарады. Мұндай болжамды Wood
Mackenzie консалтинг компаниясының мамандары жасап отыр.
Сарапшылар бұл қадамды
көптеген мұнай өндіруші операторлардың шығындарын қысқартуымен байланыстырады.
Өткен
жылы, ұңғыма бұрғылауға және өнім алуға 140 миллиард доллардан астам қаражат шығындалса,
биыл Солтүстік Америка кен орындарын барлауға 90 миллиардқа жетер-жетпес қаржы
бөлініп отыр.
Wood Mackenzie-дің ақпаратына сәйкес, өндіріс орындарында бір күндік
бұрғылау жұмыстарының ақысы да 30 пайызға төмендемек. Бұл өз кезегінде қара
алтын өндірісіне тәуелді құбыр, арнайы сорғыштарға деген сұранысын бәсеңдетеді.
Осылайша, консалтингтік компания, «бұл қысқару - жалпы мұнай қызметі
саласына және бағасына әсер етеді» деген ой түйеді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ