Өндіріс қарқынын арттыру арқылы жұмыс орындарының
қысқаруына жол бермеу басты міндет. Оралда жергілікті билік пен ірі
кәсіпорындар және кәсіподақ ұйымдары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға
қол қойды.
Өңірде жұмыс істеп тұрған 2 500-ге жуық ірілі-ұсақты компаниялар жұмыс
орындарын сақтап, жергілікті қамтуды арттыру бойынша міндеттеме алған. Бүгінгі
басқосуда тараптар арасында жалпы құны 47 млрд. теңгені құрайтын 20
меморандумға қол қойылды.
Жаңа міндеттеме алған кәсіпкерлердің қолдаусыз қалмайтынын қадап айтқан министр
өндірістің өрісін ұлғайтудың артық болмайтынын да ескертті.
Әсет Исекешов, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Көптеген кәсіпорындардың қызметі Ресей нарығына негізделген, бұл -
дұрыс. Әрі осы бағыттағы жұмыстар тоқтамауы керек. Егер қиындықтардың бірнеше
жылға созыларын ескерсек, біз тек Ресеймен шектелмей, жаңа нарықты
іздестіруіміз керек. Менің білуімше, Оралда Орталық Азия елдері мен Батыс
Қытайға өз өнімдерін ұялмай ұсына алатын іргелі кәсіпорындар бар, соларға
қолдау көрсеткеніміз жөн.
Жиын барысында көрші елдердегі экономикалық жағдайдың нашарлағаны, мұнай
бағасының құлдырағаны да айтылды. Ал мұның салдары елімізге ауыр тимес үшін
қазірден бастап қамданған абзал.
Әсет Исекешев өз сөзінде мұнай өндіруші компаниялардың бюджеті қысқарғанын, ал
мұның ақыры осы мұнай өндіруші компаниялардан түсер тапсырысқа тәуелді отандық
кәсіпорындарды тығырыққа тіреуі мүмкін екендігіне де тоқталды.
Сондықтан, жергілікті әкімдіктер меморандум жүктеген міндеттемелерді ай сайын
тексеріп, мониторинг жүргізіп отыруы тиіс.
Әліби Ахметжанов, Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының бас директоры:
Ресейлік өндірушілермен арадағы бәсекелестік күшейіп келеді. Біздің
нарықты иеленбек болған олардың өнімдерінің бағасы біз ұсынған тауардан
әлдеқайда арзан. Сондықтан, осы мәселені реттеу керек. Алдағы уақытта бұл істің
өз шешімін табатынына сенгім келеді.
Еркін КАРИН