72 жылдан
кейінгі оралу. Шымкентке 1942 жылдан бері із-түссіз жоғалғандар санатында болып
келген жауынгердің сүйегі жеткізілді. 19 жасында соғысқа аттанған Сейдуәлі
Әбдішүкіровтің мүрдесі Санкт-Петербург қаласы маңында ресейлік жастар жүргізген
қазба жұмыстары кезінде табылған. Сарбаздың денесін анасына жазған хатынан
таныпты.
Қанымкүл апа 19 жастағы ағасы Сейдуәлі майданға аттанғанда
он жасқа енді ғана толған қыз екен. Ағасын Отан қорғауға қалай қимастықпен
шығарып салғандары күні кешегідей көз алдында. 1942 жылы елден кеткен ағатайынан
екі-үш рет хат алғасын, байланыс сап тиылған.
Қанымкүл Сәдуақасова:
Келіп қалар, келіп қалар,
бірлі -жарым әркіммен келіп қалама деп сөйттік қой. Сол 1945 жылы келмеді. Сосын
46-шы жыл өтті.
Майдан даласында опат болған сарбаздың сүйегі
Санкт-Петербург маңында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылды. Бұл
ресейлік арналардың бірінде көрсетілген іздеу тобының жұмысы туралы кадрлар.
Жауынгер сүйегін мектеп оқушылары тапқан. Хабарсыз кеткен сарбаз туралы хабар
туыстарына өткен жылдың шілдесінде жеткен. Ағатайының сүйегін елге жеткізген
жиені Әділбек Мәдібекұлы. Ең маңыздысы - оның анасына жазған хаты, аты жөні мен
мекен-жайы жазылған бір жапырақ қағаз гильзаның ішіне мұқият жасырылған екен.
Сол кездердегі бойтұмар сияқты көпшілігі өзіне соғыста
өлгенде, ертең бір жағдайлар болғанда соны табу үшін осылай істейді екен. «Бұның ішінде мынау мына жерде жазылған
адресі, туған жері, қай жерден кеткен, қандай округ. Қазақша орысша екі тілде жазып соның
ішінде. Табылған
адреспен поисковой группа бізге жіберіп содан табылды».
Отырар кітапханасының ұжымы майданда қаза тапқан
жауынгерлердің туыстарымен арнайы кездесу ұйымдастырды. Мақсат із-түссіз кеткен
және ұрыс даласында ерлік көрсеткен боздақтарды еске алу.
Қорғаныс істері
департаментінің дерегіне сай, Оңтүстік Қазақстан облысынан соғысқа 140 мыңнан
астам адам шақырылған. Соның 105 мыңы оралмады. Іздестіру жұмыстары нәтижесінде
19 азаматтың сүйегі табылған.Тек олардың туыстары толық анықталмай отыр ,-
дейді әскерилер.
Әжімұқан Шынтаев, ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:
Бәйдібек ауданында да сол ауданның тумасы Польша
мемлекетіндегі Дубна қаласында жерленгені табылды. Енді сол атамыздың қалған
ұрпақтары баласы, немерелері сол мемлекетке барып басына қойылған тасты
қалпына келтіріп, туған жерден топырақ салып, сол жердің топырағын алып кеп
өзінің мұсылмандық парызын өтегелі отыр.
Сейдуәлі Әбдішүкіровтың сүйегін ел-жұрты арулап
жерледі. Ер есімі енді өзі тұрған ауылдағы бір сыныпқа берілмек. Ал жауынгердің
ас ішкен қасығы, пышағы, белбеудің бір бөлігі секілді жанында серік еткен
дүниелерін туыстары ауыл мектебінің мұражайына табыстамақ.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ