Ақтауда осыдан
30 жыл бұрын ашылған «Мәңгілік алау» мемориалы қирағалы тұр. Қалалық
әкімдіктегілер, ескерткішке жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде беріп-ақ отыр.
Алайда, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне дейін үлгермейтін
түрі бар. Себебі, ескерткіштерді күтетін кәсіпорындар арасында байқау әлі жарияланбаған. «Мәңгілік алау»
мемориалы осы уақытқа дейін дәл бүгінгідей құлазымаған еді.
Ескеркіштің бірнеше
плитасы түсіп қалған. Мемориалдың айналасы темекі тұқылдары мен қоқысқа толып
жатыр. Алайда, қаладағы ескерткіштерге
қарап, оларды жөндеумен ешкімнің басы
қатпайтын секілді.
Бұған дейін әкімшілікпен келісім-шартқа тұрып, ескерткішті
күтумен айналысқандар - өткен жылы «Мәңгілік алау» да басқасы да жақсы күйде
болатын деп, бой бермейді.
Людмила
Горбатикова, «Каспий оперейтинг» ЖШС жоспарлау бөлімінің басшысы:
Өткен жылы түсіп
қалған плиткалардың барлығы да өз орнына қайта қойылып, шытынағандары
ауыстырылды. Биылғы жылы конкурс әлі өткізілген жоқ. Ал, мұндай жұмыстар
мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізіледі. Алдымен, байқау жариялануы керек.
Сондықтан, біз қазір ештеңе де жасай алмаймыз.
"Мәңгілік
алаудағы" жанып тұрған от 2 мәрте өшіп қалыпты. Ал, өткен жылдың соңында
алауға - бірнеше жеткіншек жандырғыш қоспасы бар бөтелке тастаған. Ескерткішті
қарауылдаумен айналысатын мамандар, «бұл жерге бейнебақылау орнату
керек»,- деп полийцелерге де, әкімдікке де
бірнеше рет барды.
Ал, қалалық шенеуніктер ескерткіштер ахуалымен
айналысатын компанияны анықтайтын конкурс жарияланбағанын алға тартады.
Сағынғали
Амангелдиев, Ақтау қаласы Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
Жөндеу жұмыстары
9-мамыр Ұлы жеңіс мерекесіне дейін аяқталады деп айта алмаймын. Себебі,
конкурсты өткізу бар, мердігерді анықтау бар. Мұның бәрі уақыт алады. Алайда,
2015-жылдың соңына дейін Жеңістің 70 жылдығы тойланатынын ескерсек, жыл соңына
дейін бұл жұмыстарды бітіру керекпіз.
Тоғжан АМАНАЛИЕВА