Қазақстанда
жыл басынан бері 1397 жол-көлік апаты тіркеліп, соның салдарынан 188 адам қаза
тауып, 1803 адам түрлі жарақат алған. Бейбіт күнде халқымыздың санын азайтып
отырған қайғылы оқиғалардың көбеюі алаңдаушылық туғызуда. «Нұр Отан»
партиясы Астана қаласындағы Жүргізушілерді даярлау жөніндегі еуразиялық
орталықпен бірлесіп, көлікті апатсыз басқару туралы шеберлік сағатын өткізді.
Игі бастама республикалық «Стоп қылмыс» акциясы аясында өтуде. Мақсат -
жүргізушілердің біліктілігі мен шеберлігін арттыру.
Ішкі
істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылмен
салыстырғанда, елімізде жол апаттарынан көз жұмғандардың саны 14 пайызға
азайған. Алайда бұл тек үстіміздегі жылдың алғашқы айының көрсеткіші. Десе де,
2014 жылы жол апатынан 2126 адам қаза тауып, 21 207 адам жарақат алған. Мерт
болғандар арасында 206 бала бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы
Үкіметтің кеңейтілген отырысында «бейбіт күнде қара жолда адам өмірі қиылып
жатқанын» айтып, алаңдаушылық білдірген-ді.
Нұрсұлтан
Назарбаев, ҚР Президенті (11.10.13 ж.):
Өткен жылы республика жолдарында 2 145 адам қайтыс болған екен.
Ал осы жылдың 9 айындағы көрсеткіш - 2 273 адам. 22 мың адам түрлі жарақат
алған. Көрсеткіш Сириядағы ұрыстарда қаза тапқандар санына сәйкес келеді.
Еліміздегі
жол апаттарының көбі мас күйінде көлік айдап, жылдамдықты шамадан тыс
арттыратын жүргізушілердің, сонымен қатар жолды белгіленбеген жерден өтпейтін
жаяу жүргіншілер кесірінен орын алады. «Жол оқиғаларының тағы бір басты себебі
ретінде автомектептердің сауатсыз жүргізушілер даярлайтынын да атап өтуге
болады», - дейді құқық қорғаушылар.
Ғалия
Абақанова, Астана қаласы ІІД ювеналды полиция бөлімінің инспекторы:
«Нұр
Отан» партиясының қолдауымен автокөлікті қауіпсіз басқару мәдениетін көтеру
бойынша шеберлік сағаты өткізілуде. Практикалық тренингтің негізгі мақсаты -
жұртшылықтың назарын ел жолдарында апаттың көп болуы проблемасына назар аударту
және жол қозғалысы ережесін сақтауға жауапкершілікпен қарау дағдысын
қалыптастыру.
Ал
жүргізушілерді даярлау орталығы мамандары еліміздегі жол апаттарының санын
көбейтіп отырған ең маңызды үш факторды атап өтті. Олар: көлік санының артуы,
сапасы сын көтермейтін жолдар және адами фактор.
Алексей
Благодарев, Астана қаласы «Көлікті апатқа ұрындырмай жүргізу академиясының» бас
маманы:
Алдымыздағы
алаңда күнделікті жолда кездесетін апатты жағдайлар үлгісі көрсетілген. Оның
ішінде жылдамдықты асырса, қарапайым жол ережелерін сақтамаса, болуы мүмкін
жағдайлар жасалған. Тренингтен өтушілер барлығын практика жүзінде орындайды.
Қатысушылар алдындағы көліктен ара қашықтықты ұстау, критикалық жағдайда рөлді
басқару секілді тәжірибеден өтеді.
Ахмет
Сейітов, «Нұр Отан» партиясы Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары:
Бүгінгі
іс-шараға қатысып жатқан, осы көрсетіп жатқан мастер-класстар келешекте жүргізушілердің
тәжірибесін нығайту, тайғақ жолда қалай жүру керек, тағы да сондай-сондай
тәжірибе алатын болады бүгінгі іс-шарадан.
Құқық
қорғаушылардың мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілердің
ұқыпсыздығынан орын алады. Қалған 10 пайызы жаяу жүргіншілердің қателігінен
болады. Осы ретте жүргізушілердің біліктілігін және шеберлігін арттыратын
практикалық тренингтер өткізу маңызды. «Нұр Отан» партиясының «Стоп қылмыс»
акциясы биыл республика аймағында кең көлемде өткізіледі.
Жұрағат БАМАН