$541.18 €636.05 ₽6.52
×

Жарылыстан зардап шеккен Шымкенттегі сегіз отбасы жақын күндері баспаналы болады

AstanaTV
12.02.2015ж. 13:00
Жарылыстан зардап шеккен Шымкенттегі сегіз отбасы жақын күндері баспаналы болады

Шымкентте желтоқсан айында баспанасыз қалған сегіз отбасының қоныс тойын тойлайтын күні алыс емес. Қала әкімдігінің резерв қорынан бұл мақсатқа 69 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Бұл жайында БАҚ өкілдеріне Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары хабарлады.

Мәлік Әбдінұров, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары:

Конкурсқа осы кісілерге бюджет арқылы 69 млн 220 мыңқаражат бөлінді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы конкурс өтікізіп жатыр. Конкурстың нәтижесі бойынша біздің сегіз отбасымыз толық тұрғын үймен қамтылады.

Еске салайық, Шымкенттегі Ақназар хан көшесінде орналасқан 62-ші үйде желтоқсанның 20-сы күні жарылыс болды. Сегіз пәтерлі баспананың төрттен бір бөлігі жанып кеткен. Жөндеуге жарамайтындықтан құрылыс сүріліп тасталған.

Қыс ортасында баспанасыз қалған сегіз отбасының төртеуі содан бері туыстарының шаңырағында тұрып жатыр. Тағы төртеуін жергілікті билік арнайы жатақханаға жайғастырған. Енді конкурс нәтижесіне сәйкес жеңімпаз мердігер бір апта төңірегінде белгілі болмақ.

Айта кетейік, зардап шеккен сегіз отбасының екеуіне үш бөлмелі пәтер сатып әперіледі. Ал тағы алты отбасыға екі бөлмелі шаңырақ бұйырады деп күтілуде. «Барлығына бұрынғы өздері тұрған пәтер аумағымен пара-пар баспана әпереміз» ,- дейді шенеуніктер.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ