$537.53 €620.52 ₽6.71
×

Оралда мүгедекті жәбірлеген жол сақшылары іздестірілуде

AstanaTV
12.02.2015ж. 13:00
Оралда мүгедекті жәбірлеген жол сақшылары іздестірілуде

Батыс Қазақстан облысында қызмет бабын асыра пайдаланып, ауыл тұрғынын мазақ қылды деген күдікпен полиция қызметкерлері іздестірілуде. Тәртіп сақшылары көлігіне отырғызған жігітті қорқытып, әлдебір қылмысқа қатыстылығы үшін айыптаған.

Оны өздері ұялы телефонға да түсіріпті. Полиция қыспағына түскен жәбірленуші, «болған жайтқа еш қатысы жоқ» екенін айтып, інісі мен анасынан сұрауын өтінеді. Бейнероликте байқағынымыздай, полиция қызметкерлері бейтаныс адамды әжуалаған соң, артынша босатып жібереді.

Бұл аздай түсірген бейнекөрініс әлеуметтік желілерде кеңінен таралған. Болған жайтты жәбір көрген жігіттің туыстары көріп, тәртіп сақшыларының үстінен арыз түсірді. Олардың айтуынша, қорқытып қыспаққа алған жігіт ІІІ топтағы мүгедек. Әрі ақыл-есінде кемістігі бар.

Әзірге, кемтар жанды келеке қылып, арсыздыққа барған сақшылардың кім екендігі әлі анықталған жоқ. Ал Ішкі істер департаментінің өкілдері егер өз қызметкерлерінің кінәсі дәлелденсе, жазасыз қалмайтынын айтып отыр.

Гүлжан Қанатова, ІІД  баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазіргі таңда БҚО ІІД-де арыз бойынша бейнероликке түсірген жол-патрульдік полиция қызметкерлерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша анықталған полиция қызметкерлері ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» заңнамаға сәйкес қатаң тәртіптік жазаға тартылатынын хабарлаймыз.

Еркін КАРИН