Қазір әлемде ауыл шаруашылығына инвестиция құю тенденциясы байқалады. Әсіресе миллиардерлер арасында. Мысалы, Ресей президенті В.Путиннің досы Геннадий Тимченко /Forbes-ң ресейлік рейтингісінде 10,7 млрд доллармен 9-орында/, Alma Group деген компания құрып, Краснодар өлкесінде аумағы 300 гектар бақта алма, басқа да жемістер өсірумен айналысады. Жақында америкалық миллиардер Джордж Сорос Украинаның ауыл шаруашылығына ақша құюы мүмкін екенін айтты. Өзімізге байланысты еске бірден жүзім өсіріп, шарап шығаратын, кезінде Кіріс министрі болған Зейнолла Кәкімжанов түседі. Оның бағындағы «қалықтаған ән» туралы репортаж бергенбіз
Ал Ақтөбе облысында фермер, Атырауда мұнайшы болып істейтін азамат бар. Мұнайшыны мал да бағуға жетелеген мотивация туралы Мансұр Есқожиннің материалы.
Ақтөбе облысы, Темір ауданының Кеңқияқ елді-мекеніне бағыт алдық. Облыс орталығынан шамамен 220 шақырым жердегі ауыл маңында «Ілияс» шаруа қожалығы орналасқан. Серіктестікті осыдан 17 жыл бұрын Меңдіғали Өтегенов ақсақал ашқан. Артынша мұнай саласында еңбек ететін ұлы Макар қолына алады.
Макар Өтегенов, «Ілияс» шаруа қожалығының директоры:
Осы шаруа қожалығын ашқан соң 3 жыл өте әкем өмірден өтті. Ағам да дүние салды. Содан кейін мұнай саласындағы қызметімді тастап, шаруа қожалығын қолға алуға тура келді.
Мал ауылдың таңы ертемен төрт-түлікке азық даярлаудан басталады. Шөмеледен әкелінген шөпті осы аулаға жайып, артынша сиырларды шығару керек.
Аға, қай жерден шығарамыз сиырларды?
Мәне мына есіктен шығарамыз.
Ал, шүу!
Бұл аймақта қыстың қаһарлы күндері жылқы малынан өзге түлік сарайға қамалады. Бүгінгі түннің өзінде ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендеген. Ұсақ мал мен ірі-қараға ерекше бап қажет. Қыстан білікті қойшы ғана аман шығара алады.
Нұрлыбай Қазмағамбетов, қойшы:
Мұндай 380 бас саулық бар, 120 бас тоқты бар. Сол ешкіден бөтен. Енді амандық болса, апрель айында 7-8-нен бастап ішіндегі егіз туатындары көтере алмай, туа бастайды. Сосын майдың 25-не дейін барлығы тегіс туып болады.
«Ілияс» серіктестігі аймақтағы шаруасын дөңгелетіп отырған қожалықтың біріне айналған. 14 азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Негізінен жылқы малы мен ірі-қараға көп көңіл бөлінеді. Себебі түсім алуға мүмкіндік беретін солар ғана. Қазір жайылымда жұрген жылқы саны 600-ден асқан. Олардың 500-ге жуығы құлындайтын биелер. Жыл сайын шамамен 28-30 млн теңге көлемінде инвестиция салынады екен. Басты проблемалар - жем-шөп даярлау мен жанар-жағармай.
Макар Өтегенов, «Ілияс» шаруа қожалығының директоры:
Бұл қожалықтан қыруар қаржы – пайда көріп отырғанымыз жоқ. Тек өзінің шығындарын жабады. Біз одан әрі дамып, кеңейтуді ойлап жүрміз. Егер сол бағытта жұмыс жасамасақ, тұралап қаламыз. Болашақты ойлау керек.
Фермер білікті мамандардың тапшылығын айтады. Жастардың ауыл шаруашылығына мұрын шүйіріп қарауы қынжылтады дейді. Қазіргі таңда жылқышы мен қойшы, механизатор мен мал дәрігері таптырмайды. Кеңес кезеңінен тер төккен азаматтар алпыстан асып, зейнет жасына жеткен.
Сәлімжан Мұхиев, «Ілияс» шаруа қожалығының бригадирі:
Бұрын механизаторлар СПТУ дейді ГПТУ дейді оқып келетін еді. Бүгінгі таңда жастар ондайға көп оқымайды да, қазір ауыл шаруашылығына жастардың көп ынтасы жоқ. Жастарды ынталандыру керек, оқыту керек тегін. Елбасының айтуынша қазір тағы колледж ашылып жатыр ғой енді. Келешекте оқитын шығар. Қазір қиындау болып бара жатыр шаруашылық жасау.
Шаруа қожалығын Макар Меңдіғалиұлы алыстан басқарып отыр. Ісі оңға басқаннан кейін мұнай саласына қайта оралған. 40 жылға жуық еңбек еткен негізгі кәсібімді тастап кете алмадым дейді. Ал, 20 жастағы ұлы Ілияс болса енді араласып, әкесіне қолқабыс болып жүр.
- Подшипникті алмастырдың ба?
-Ия барлығын бітірдім.
Қазір әлемде ауыл шаруашылығына бетбұрыс байқалады. Оның үстіне төрт түлікті жанына ертеден серік еткен қазақ үшін мал шаруашылығы үйреншікті кәсіп.
Макар Өтегенов, «Ілияс» шаруа қожалығының директоры:
Көптеген шаруа қожалықтарына су мәселесі қиын болып тұр. Мысалы құдық қазу үшін 10-12 млн теңге қаражат қажет. Оны көтере алмаймыз. Уақытша тоған жасау да арзан жұмыс емес. Осындай мәселелерді шешуге мемлекет көмектессе жақсы болар еді.
«Құтты қонақ келсе қой егіз табады», - демекші біздің түсіру тобы барған күні қорадағы ешкі төлдеп, қуаныш сыйлады.
Сіздер келгенде мынау ешкі лақтап жатыр. Бұл жақсы ырым! Төл көп болсын!
Атын кім деп қоямыз, аға?
Атын «Астана» деп қоямыз! Астана деп. Астанадан келген жігіттер туған лақ деп!
Шаруа қожалықтарының ел экономикасына қосар үлесі қара алтынмен салыстырғанда әзірге мардымсыз болғанымен болашағы зор. Бастысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін өңдеу орындарын ашу қажет. Шикізат өткізе бермей.
Мансұр Есқожин, Нұркен
Жалмұханов, «Біздің уақыт».