$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Норманд төрттігінің» Минскідегі келіссөздері нәтижелі аяқталды

AstanaTV
12.02.2015ж. 20:00
1154
«Норманд төрттігінің» Минскідегі келіссөздері нәтижелі аяқталды

«Норманд төрттігінің» Минск келіссөздері алғашқы нәтижесін берді. 15 ақпаннан бастап оқ атуды доғару, екі апта ішінде барлық әскери техниканы елден шығару, ені 50-70 шақырымдық қауіпсіздік жолағын құрып, тұтқын алмасу жүзеге аспақ.  16 сағатқа созылған келіссөздерден кейін қол қойылған алғашқы құжаттың негізгі тұстары осы. Ресей президенті Владимир Путин «оқ атуды тоқтату - ең маңызды қадам» деп мәлімдеді. Келісім  бүгін, Киев уақыты бойынша түнгі сағат 12:00-де, күшіне енеді. Кеше кешкісін келіссөздер үстеліне отырған «төрттік» түні бойы кеңесіп, шамалы үзілістен кейін, таңертең жиынды жалғастырған.

Ұзаққа созылған келіссөздер артта қалып, Минсктегі Тәуелсіздік сарайы жанданды. Журналист қауым «норманд төрттігінің» бірде-бір қимылын, қысқа қайырған сөздерін таспадан таса қалдырғысы жоқ. Ресей басшысы Владимир Путин қарулы қақтығыстың бүгін түнде тоқтап, Укранинаның шығысында тыныштық орнауын, елді әскери техникадан тазартуды жиынның басты жетістігі санайды.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Біріншіден, 15 ақпаннан бастап оқ атуды тоқтату жөнінде келісімге қол жеткіздік. Одан бөлек, саяси ұзақ келісімдер мәселелерінің кешені бар. Бұл жерде ескерер бірнеше жәйт бар. Біріншіден, Донбас халқының заңды құқықтарын қорғайтын конституциялық реформалар қажет.

Келіссөздер қорытындысы бойынша, Петр Порошенко Украина тарапына тиімсіз шарттар қойылды деп шағымданды. Бірақ соңынан «біз табандылық танытып, өз дегенімізге жеттік» деп мәлімдеді. Оның сөзінше, ешқандай автономия, не федерализация жөнінде келісім жасалуы мүмкін емес. Порошенконың келесі талабы - елді жалданбалы жасақтардан толық ада ету.

Петр Порошенко, Украина президенті:

Автономия мәртебесі туралы қанша үгіттеулер болғанымен, бұл қадамға бармадық. Федерализация туралы да әңгіме бізге тиімсіз. Бұл сөздердің бірі де келісімде жоқ. Құжат Украинаны әскери техника мен жасақтан тазартуды көздейді.

Келісімге қол қойған «норманд төрттігі» оқ ату толық тоқтатылғанша, Украинаның қарсы тараптары ұстамдылық танытар деген үмітте.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Әскерилер мен ауыр техника елден шығарылғанша, екі тараптың да қан төгіске бармауларын сұраймыз.

Путин мен Порошенко мәлімдеме жасап, мәре-сәре болып жатқанда, Ангела Меркель мен Франсуа Олланд соғыс «отын өшіру»  миссиясынан құтылып, Минсктен  елдеріне аттанды. Франция президенті самиттің барлық қатысушыларына алғыс білдірсе, Германия канцлері Берлинге жетіп барып сөзге келді. Неміс басылымдары соғыс оты бәсеңдеп, үміт оты тұтанатыны жайында мақалаларды жарыса жазуда. Ал қонақ күткен Александр Лукашенко ымыраға келе алған меймандар «жарады» дейді. Өзі қадірлі қонақтарға президент басымен кофе тасығанын айтып ағынан жарылуда. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ