Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Оралда білім беру мекемелерінің қызметін тексерген прокурорлар көптеген кемшіліктердің бетін ашты

AstanaTV
13.02.2015ж. 20:00
2006
Оралда білім беру мекемелерінің қызметін тексерген прокурорлар көптеген кемшіліктердің бетін ашты

Оралда мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы аяқасты болып жатыр. Мүгедек балаларға арналған 8 орталық болуы тиіс, алайда үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Олардың өзі апатты күйге түскен. Білім беру мекемелерінің қызметін тексерген прокурорлар көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Тақырыпты Еркін Қарин толықтырады.

Өзін қоршаған әлемді саусағының ұшымен ғана танып білетін Асылбектің арманы көп. Әнші болуға талпынған өрен, қазір ән кітабы тұрмақ, кәдімгі мектеп оқулығын таппай қиналып жүр. Асылбектің құрдастары да оқудың инемен құдық қазғандай екенін жақсы біледі. Көзі нашар көретін 22 оқушы мектептегі 2 компьютерге жиі таласады.

Асылбек Қуанышқалиев, БҚО көру қабілеті төмен балаларға арналған мектеп оқушысы:

Ұстаздарымыз әртүрлі пәннен, мысалы қазақ тілден, орыс тілден кітап жоқ болған себепті карточкаға жазып әкеледі. Апайлар айтады. Дәптерге жазып аламыз шама келгенше, керекті-керекті жерлерін, содан кейін үй тапсырмасында соларды оқып дайындаламыз. Болмай жатса, апайларымыз кітаптан оқып береді.

Прокурорлардың дерегінше, мұндай жағдай мүгедек балаларға арналған өзге де мекемелерге тән. Мысалы, қабырғасы қақырап, іргетасы мүжілген "Солнышко" балабақшасы жарты ғасырды артқа тастады. Содан бері бұл мекеме жөндеу көрмеген. Ал көзі нашар көретін бүлдіршіндер құлаудың алдында тұрған ғимаратта алаңсыз асыр салып, ойнап жүр.

Салтанат Шартынова, Орал қаласындағы №24 «Солнышко» балабақшасының директоры:

Жыл сайын осы жарықтарды  бітейміз. Былтыр тамыз айында қалалық білім бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметіне хат жаздық. Осыдан кейін ғимараттың кейбір бөлігінде жүруге шектеу қойылды. Сосын бөбектердің екі тобын басқа жерге ауыстырдық.

Ал мынау көзінде кемістігі бар балаларға арналған сыныптары бар арнайы мектеп. Бұл білім ошағының да халі мүшкіл. Мектеп басшылары аязды күндері азынап кететін мәжіліс залын асханаға айналдырған. «Терезеден соққан желден іште жылу тұрмайды», - дейді. Қиындықтан көз ашпаған мекеме басшылығы, жөндеу жұмыстарына жыл сайын бөлінетін 400 мың теңге қай жыртығымызға жамау болады, деп отыр. 

Мұрат Дәулетқалиев, Орал қаласындағы №22 орта мектеп директорының орынбасары:

Электричествоның пакетін қарасақ, олар соғыстан кейін шыққан нәрселер. Қазір электрикті сұрасаң, жұмысқа келесің бе деп, біреуі шықпайды. Ой, вы что, мынадай пакетпен жұмыс істей ме, дейді олар. Мен деген қазір айына 300 лампочкадай кетеді. Пакеттің, сымдардың бәрі тозып біткен, кондициядан тозып біткен.

Прокурорлар мүгедек балаларға арналған мекемелерде мұның қалыпты жағдайға айналғанын айтады. Бұл аздай, арнайы есепке алынған мың жарымнан астам бүлдіршіннің сайда саны, құмда ізі жоқ. Енді прокурорлар бұл балаларға іздеу салмақ.

Алмагүл Исмағұлова, Орал қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңестің дерегінше, Оралда 2 396 мүмкіндігі шектеулі бала бар екен. Алайда, қала емханаларындағы дерек мүлдем басқаша. Дәрігерлер тек қана 700-ден астам мүгедек баланы тіркеуге алыпты. Қазір қала прокуратурасы 1 500 баланы іздестіруге кірісті. Бұл балалар жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің есебінде жоқ болып тұр.

Прукурорлар кемшіліктерге жол берген лауазым иелерін тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатыр. “Алаңсыз жүрген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелері мен санитарлық қызмет және төтенше жағдайлар органдарының осы мәселелерге қатысты жауап беруіне тура келеді», - деді.

Еркін КАРИН