$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Сарапшылар: Президент сайлауын өткізу туралы бастама дер кезінде көтерілді

AstanaTV
16.02.2015ж. 10:00
1165
Сарапшылар: Президент сайлауын өткізу туралы бастама дер кезінде көтерілді

«Президент сайлауын өткізу туралы бастама дер кезінде көтерілді». Көптеген сарапшылар осындай пікірде. Тың ұсыныс өткен сенбіде, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған еді.

Розақұл Халмұратов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі:

Дағдарыстың ең қиын сынақтары әлі алдымызда тұр. Аузы дуалы сарапшылардың айтуынша, 2015 жылдың күзі және 2016 жылға тура келуі мүмкін. Сондықтан, Президент сайлауын биыл өткізу жөніндегі ұсынысты дұрыс бастама деп ойлаймын. Себебі біздің бағдарымыз белгілі. Кешегі «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында Елбасы алдымызда тұрған мақсаттар мен атқарылатын жұмыстардың бәрін ашып айтты. Енді соны іске асыратын уақыт келді.

«Ұсыныс халықтың басым көпшілігі үшін күтпеген жайт болғаны рас. Әйтсе де, елдің ертеңіне алаңдайтын әрбір азаматтың көкейінде жүрген ой екені даусыз»,-дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері.

Осы ретте кеңес мүшелері Президент сайлауын биыл өткізуді күн тәртібіне шығарып, бастаманы бірауыздан мақұлдады. Саясаттанушылар, Ассамблея мүшелерінің бұл ұсынысы да бекер емес деген ойда.

Халықаралық сарапшылар қазіргі жаһандық дағдарыстың шарықтау шегі 2016 жылға дөп келеді деген болжам жасауда. Сайлау өткізуді сол сын сәтке алдын-ала қамдану деп түсінген жөн. Тағы бір себеп - 2016 жылға президенттік және парламенттік сайлау қатарынан келіп тұр.

Сондықтан Президент сайлауын биыл өткізу - келесі жылы қос қарбаластың бірдей орын алмауы үшін де маңызды.

Оралбай Әбдікәрімов, қоғам қайраткері:

Әлемдегі жағдай Қазақстанға әсерін тигізіп жатыр. Халық билікке сену керек, халықтың бірлігі, ынтымағы болу керек. Соған байланысты Президент сайлауы туралы ұсыныс өте уақытында берілген ұсыныс деп ойлаймын.

Людмила Хочиева, ҚХА кеңесінің мүшесі: Елбасы - ол менің Президентім, Елбасы - қазақстандықтардың Президенті, Елбасы - тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің іргетасы.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА