$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Халықаралық Олимпиада комитеті бағалау комиссиясының өкілдері Алматыда

AstanaTV
16.02.2015ж. 10:00
2184
Халықаралық Олимпиада комитеті бағалау комиссиясының өкілдері Алматыда

Алматыға Халықаралық Олимпиада комитеті бағалау комиссиясының өкілдері келді. 24 шетелдік маманнан құралған топ Алатау бөктерінде «Ақ Олимпиада» шырағы жағыла ма деген мәселені шешеді.

Олар спорт нысандарын бағалауды бастап та кетті. Алғашқы күні «Ақбұлақ», «Табаған» кешендері мен «АИБА» бокс академиясын аралап көрді. Білікті мамандар қардың қалыңдығы, нысандардың орналасуына аса мән берді.

Олимпиада нысандарының қаладан қашық еместігі, табиғи көркем жерлерде орналасуы барлығын тамсандырғанымен, әлі нақты шешім жоқ. Тағы бір мәселе, шетелдік мамандар экологиялық жағдайға баса мән беруде.

Бағалау комиссиясы 12 мың жанкүйерді сыйдыра алатын «Мұз айдының», қала орталығындағы Орталық стадион мен Балуан Шолақ спорт кешенін көрді.

Елсияр Қанағатов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

Бізге өздерінің болашақта мына жерді дұрыстаңыз деген ұсыныстарын беріп жатыр. Біз олардың барлығын қалыпқа келтіреміз. 2022 жылға дейін уақыт бар бізде. Ол кемшіліктердің барлығы осы Алматы қаласының әкімдігімен, Үкіметтің қолдауымен қалыпқа келеді. Барлығы жасалады.

Комиссия жұмысын жалғастыруда. Жасалған қорытынды Халықаралық Олимпиада Комитетіне жолданады. 2022 жылғы жиырма төртінші қысқы олимпиада ойындары өтетін қала 31 шілдеде Куала-Лумпурда жабық түрде дауыс беру нәтижесінде анықталмақ.

Еске салайық, Алматы 2022 жылғы қысқы олимпиаданы қабылдауға үміткер қалалардың бірі.

Берік ХАСЕНОВ