Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыға арнайы Халықаралық олимпиада комитеті келді

AstanaTV
16.02.2015ж. 20:00
1298
Алматыға арнайы Халықаралық олимпиада комитеті келді

Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалау комиссиясы Алматыда үшінші күнін тәмамдады. Әзірге Қазақстанға қандай баға берері белгісіз. Бірақ 2022 жылы «Ақ Олимпиаданы» Алатау бөктерінде өткізу бұйырса, тарихы спорт нысандарымен қатар Алматы қаласының да келбеті өзгеруі мүмкін.

Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалау комиссиясының Алматыда жүргендеріне бүгін үшінші күн. 24 шетелдік маманнан құралған топ Алатау бөктеріндегі спорт нысандарын аралауды жалғастыруда. Білікті мамандар барлығын жіті қарады. Қардың қалыңдығы, нысандардың орналасуы, тіпті көрермен отыратын орындықтың биіктігіне де аса мән берді. Комиссияның қырағы көздерінен қандай да бір ұсақ бөлшек тасада қалмады.

Бағалау комиссиясы барлығын қарады, тексерді бірақ қандай да бір қорытынды шығарған жоқ. Десек те, Ақ Олимпиада Алматыда өтетін болса, қала жаңаша түрленбек. Бірінші кезекте әлемге әйгілі Медеу мұз айдынының келбеті өзгермек. Болашақта оның үсті жабылып, 8 мың емес 6 мың көрермен қабылдайтын болады. Кешеннен 300 метр жерде 1 мың спортшыға арналған Олимпиада ауылы бой көтермек. Құрылысты 2019 жылдың маусым айында бастау жоспарланған.

Айгерім Берлібаева, «Медеу» мұз айдыны кешенінің өкілі:

Бұл Халықыралық олимпиада комитетінің заңына сәйкес жасалып отыр. Медеудің үсті түгелімен жабылады және бұл уақытша емес. Барлық шығындарды есептегенде 51 миллион доллар жұмсалуы мүмкін. Және болашақта өзгерістер енуі мүмкін құрылыстарға 10 миллион доллар қаржы қарастырылған.

Қаланың қақ ортасында орналасқан тағы бір тарихи спорт нысаны - «Орталық стадионды» да өзгерістер күтіп тұр. Қазір 25 мың жанкүйер жайғастыра алса, болашақта көрерменнің көлемін 35 мыңға жеткізу жоспарланған. Бұл жұмысқа 90 миллион доллар жұмсалмақ. Бұл нысанда 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданың ашылу және жабылу шарасы өтуі тиіс екен. Өзгерістер Балуан Шолақ кешенін де айналып өтпеді.

Қали Әбішев, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет кешенінің директоры:

Кешеннің екі жағында жоғарыда орналасқан балкондардың орнын бұзып, көрермендер отыратын орындар жасаймыз. Соның арқасында қазір 5 мың адам келсе, болашақта 6 600 адам сыйғыза аламыз. Ал, егер Олимпиада өтпейтін болса, біз ешқандай өзгеріс енгізбейміз.

Ұлттық олимпиада комитетінің мәлімдеуінше, Қысқы олимпиаданы өткізуге тиіс 14 нысанның осы күні сегізі дайын. Тек барлығын жетілдіру қажет дейді қазақстандық мамандар. Сұңқар трамплинін, Шаңғы биатлон стадионын, Ақ бұлақ пен Табағанда көремендер отыратын орындарды көбейту көзделген. Сонымен қатар, бақылаушы комиссия көбінесе жұртшылықтың қаладағы және тау шатқалдарындағы спорт нысандарына жылдам жетуіне мүмкіндік жасауды тапсырыпты.

Елена Ерзакович, «Алматы-2022» өтінім беру комитетінің көлік саласы бойынша кеңесшісі:

Олимпиада кезінде қаладағы көлік қозғалысы 6 есе артады. Сондықтан бізге комиссия мүшелері осы мәлесені шешуге кеңес берді. Біз болашақта қала ішінде адамдарды автобусқа отыратын 3 арнайы ХАБ саламыз және автобустар жүретін арнайы жолақ болады. Адамдар ХАБ-тарға келіп көліктерін тастап, жарыстарға автобустармен жүретін болады.

Елсияр Қанағатов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

Бізге өздерінің болашақ мына жерді дұрыстаңыз деген ұсыныстарын беріп жатыр. Біз олардың барлығын қалыпқа келтіреміз. 2022 дылға дейін уақыт бар бізде. 

2022 жылғы жиырма төртінші Қысқы олимпиада мен он үшінші параолимпиада ойындары өтетін қала 2015 жылы 31 шілдеде Куала-Лумпур қаласында жабық түрде дауыс беру нәтижесінде анықталады. Алматы - 2022 жылғы Қысқы олимпиада өтуі мүмкін үміткер қалалардың бірі. Егер олимпиада өткізу құқығын Алматы жеңіп алса, онда Халықаралық олимпиада комитеті тарапынан қолдау ретінде шамамен 880 миллион АҚШ доллары бөлінеді.

Берік Хасенов, тілші:

Халықаралық олимпиада комитетінің бағалау комиссиясы Алматыда спорт нысандарын аралауды жалғастыруда. Бірақ әлі ешқандай баға берген жоқ. Бірақ өздерінің таңданыстарын жасыра алмай жатты. 

Берік ХАСЕНОВ