$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ақмола облысы кәсіпкерлері «Қазақстанда жасалған» акциясын қолдайды

AstanaTV
17.02.2015ж. 13:00
1489
Ақмола облысы кәсіпкерлері «Қазақстанда жасалған»  акциясын қолдайды

«Қазақстандық тауар тұтынғаның - отандық өндірушіні қолдағаның». Ақмола облысында жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін жаңа құс фабрикасы мен қалдықсыз полиэтиленді өнімдер шығаратын кәсіпорындардың таныстырылымы өтті.

Қос жоба индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылуда. Әрі тек қазақстандық өнім шығаруға кәсіптенген. Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық тауар өндірушілерге демеу көрсету мақсатында, «Қазақстанда жасалған» акциясын іске асыруды тапсырған болатын.

Дүкен сөрелерінен сіздің ас үстеліңізге дейінгі жол сапарын қазақстандық құс еті осы жерден бастайды. Алдын-ала сою, жүннен тазарту цехтарынан өткен ет, одан кейін реттеу және бөлшектеу цехтарына жіберіледі.

Барлығы бес кезеңнен өтетін тауық еті, қазақстандық өнім екендігін дәлелдейтін жапсырмаға ие болып, сатылымға жіберіледі. Целиноград ауданы, Ақмол ауылындағы құс етін өңдейтін заманауи кешенде 250 адам тұрақты жұмыс істейді.

Кәсіпорында инкубатор, сою цехы және құс етін өңдеу бойынша тораптар орналастырылған. Фабрика жылына 20 мың тонна салқындатылған, ысталған және мұздатылған құс етінің 12 түрін дайындайды. Жалпы жоба құны 13 миллиард теңге.

Гүлнәр Қасымбекова, «Capıtal project» ЖШС өнеркәсіптік құс шаруашылығының бас директоры:

2015-2020 индустриализация картасына еніп отырмыз. Басты бағыты, мақсаты бұл жобаның ол жылына 20 мың тонна ет өнімін шығару, сонымен бірге импортты азайту. Біздің еліміздегі әсіресе құстар етінің импортын азайту. Сонымен қатар, Астананы толық азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету болып саналады.

Бүгінде Ақмола облысында құрылыс индустриясы және материалдарының өндірісі бойынша 12 жоба, ауыл шаруашылығы саласында 6 жоба, көлік құрастыруда 4 және ішіп-жем өнеркәсібі бойынша 4 жоба іске асырылуда.

Мәселен, Шортанды ауданындағы жаңа өндіріс полиэтиленді қалдықсыз өнім шығарумен айналысады. Соңғы үш ай ішінде мұнда құны 405 миллион теңгені құрайтын, мың тоннадан астам полиэтилендік өнім өндірілген. Оның ішінде түрлі пішіндегі пакеттер, ыдыс-қаптар мен қалдықтардан жасалған қоржындарды атап өтуге болады.

Мұрат Балпан, Ақмола облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы:

Ақмола облысы индустриялдық картасында 36 жоба енгізілді. Жалпы осы облыс экономикасына 640 миллиард теңгедей инвестициялар қосылады. Сонымен қатар, осы 5 жылдың ішінде облыста 26 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.

Аталған 36 жобаның ішіндегі 25-і жыл аяғына дейін қызмет ете бастамақ. Тағы алты жоба бірінші жарты жылдықта іске қосылады деп күтілуде. Бүгінде отандық өнім шығармақ ниетті кәсіпкерлердің қарасы көп. Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларға жаңа өтініштер әлі де түсуде.

Жұрағат БАМАН