$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Атырауда көктайғақтан жаяу жүргіншілер жаппай жарақат алып жатыр

AstanaTV
17.02.2015ж. 20:00
1274
Атырауда көктайғақтан жаяу жүргіншілер жаппай жарақат алып жатыр

Атырауда көктайғақтан жаяу жүргіншілер жаппай жарақат алып жатыр. Соңғы кезде құлап жамбасын ауыртып, аяғын сындырғандар саны екі есе артты. Ауа-райының әлегі жүргізушілерді де жолдан қалдырды. Кешелі бері республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Ал жыл басынан бері көктайғақтың кесірінен болған жол-көлік оқиғасынан 15 адам көз жұмған.

Жанар Олжағалиева аяқ астынан жазым болдым,- дейді. Кешкісін жұмыстан келе жатып, аяғы тайып кеткен. Қазір аурухана төсегіне таңылыпты.

Жанар Олжағалиева:

Үйге келе жатқанмын. Тайғақтан қалай құлағанымды білмеймін. Алғашында жай зақым келді деп ойлағам. Шыдатпаған соң осында келдім, дәрігерлер сынық деп, операция жасады. Жолға құм да, тұз да төсемеген. Өте тайғақ.

Облыстық аурухананың зақым-жарақат бөлімшесінде қазір бос орын жоқ. Дәрігерлер қаралушылар саны екі есеге артқанын айтады.

Асхат Бисенғалиев, Атырау облыстық ауруханасы зақым-жарақат бекетінің меңгерушісі:

Күніне орта есеппен травмотология бөліміне 40-42 науқас түсуде, таңертеңгі сағат 8 бен 9 аралығы. Жұмысқа барып, келе жатқанда. Сан сүйектері, білек сүйектері, иық сүйектері сынған, тобықтары сынған.

Ауа райы жаяу жүргіншілерге ғана емес, темір тұлпар тізгіндегендерге де зиянын тигізіп жатыр. Республикалық маңызы бар жолдарда үстіміздегі жылы 15 адам көз жұмған. Ал кешелі бері Атырау - Орал, Атырау-Астрахань тас жолдары жабылды.

Талғат Марденов, Атырау облыстық ІІД ӘПБ бөлімше бастығы:

Автожолдарда 5-6 мм мұз қатуына байланысты, көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Қазір трасса бойындағы жағдай зерделеніп жатыр. Көліктерді жинап, жол-патрульдік көлік ілесіп, елді мекенге дейін жеткізудеміз. Жақсарса, 2-3 сағатта жолды ашамыз. 

Қаладағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да сын көтермей тұр. Адамдар көп жүретін аумақтарды айтпағанның өзінде, балабақшалар мен мектеп маңындағы жолдарға құм төселіп, тұзды су шашылмаған. Шаһардың бас тазалықшысы - «Арнаулы автобаза» мекемесінің басшысы Мұратбек Маханов - қала әкімінен басқаға есеп бермеймін деп, сұхбат беруден бас тартты.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ