$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Атыраудың Нұрсая-3 шағын ауданындағы жүзге тарта жер учаскесі кері қайтарылады

AstanaTV
19.02.2015ж. 13:00
1420
Атыраудың Нұрсая-3 шағын ауданындағы жүзге тарта жер учаскесі кері қайтарылады

«Атыраудағы Нұрсая-3 шағынауданындағы 100-ге жуық жер учаскесі мемлекетке қайтарылады. Мұндағы үйлер толықтай сүріліп тасталмақ. Орнына өзге аумақтан жер учаскесі ұсынылады». Кезекті есеп беру жиынында аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов осылай деді. Оның айтуынша аталған жер телімдері заңсыз берілген.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

Аэропорттың бір учаскеде 93 үйдің заңсыз жер берілген. Үй салуға болмайтын жерге. Оның 40-тан астамында құрылыс басталған. Біз қазір тоқтаттық тәртіп беріп. Құрылыс бастаған адамдардың жерлеріне басқа жерден жер береміз. Құрылыс материалдарын тасып береміз. Бірақ ана жерге салуға болмайды. Аэропортты басып алып, үй салуымыз қалды, басқа ештеңе қалған жоқ.

Өткен жылдың қараша айында Атыраудағы Нұрсая-3 шағын ауданының халқы 10 жыл кезек күтіп алған жер учаскелерінің заңды иесі атана алмай жүргенін айтып арнамызға шағымданған. Тұрғындардың айтуынша, қалалық әкімдік әу-баста құрылысқа рұқсат беріп, кейіннен мемлекеттік акт беруден бас тартқан.

«Жер телімдері, әуежайдың ұшу-қону алаңына жақын орналасқан», - деп, әуежай басшысынан рұқсат алуды талап еткен еді. Тұрғындарды әуре-сарсаңға салған әкімдік енді жерді қайтарып алмақ. Бұл жерлер 2011-ші жылы берілген.

Ол кезде облысты Бергей Рысқалиев басқарған еді. Қазір ол халықаралық іздеуде, ал оның сол кездегі біраз кадрына «бюджет қаржысын жымқырды» деген айып тағылды, іс сотта қаралып жатыр.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл аумақтан бөлек қала маңындағы тағы 5 ауданда жер учаскесі заңсыз таратылған,- деді. Әкімнің меңзеп отырғаны - аймақтың бұрынғы билігі. Айта кетейік, соңғы 3 жылдан бері Атырау қаласында тұрғындарға жер телімін беру тоқтатылған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ