$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қазақстан 2015 жылғы жаңа дағдарысқа қарсы шараларға 101 миллиард теңге жұмсайды

AstanaTV
19.02.2015ж. 20:00
908
Қазақстан 2015 жылғы жаңа дағдарысқа қарсы шараларға 101 миллиард теңге жұмсайды

Қазақстан жаңа дағдарысқа қарсы шараларға 101 миллиард теңге жұмсамақ. Бұл туралы журналистермен кездесуде Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Айтуынша, Ұлттық қордан бөлінген қаржының 30 миллиард теңгесі әлеуметтік инфрақұрылым, 71 миллиарды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, жалдамалы басапана және жол құрылысына бағытталмақ. Автокөлік өндiрушiлерiн қолдауға, тiкұшақтар өндiрiсiне 10 миллиард теңге, жолаушылар вагондарын шығаруға 5 миллиард теңге және 35 миллиард теңге - экспорттаушыларды қолдауға жұмсалмақ.

Қалған қаржы кәсiпкерлiк субъектiлерiн, үлестiк жарналарды кепiлдендiру қорын қосымша капиталдандыруға, тұрғын үй құрылысы және тағы басқа әлеуметтік жобаларға бөлінбек. Еске салайық, Ұлттық экономика министрi жуырдағы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңейтiлген Үкiмет отырысы барысында биылғы жылға арналған экономикалық саясат шаралары айқындалғанын атап өткен болатын. 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Елдің халықаралық резервтері 7,3 пайызға өсіп, 102,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Ұлттық қор активтері - 73,6 миллиард АҚШ доллары, Ұлттық банктің алтын-валюта резерві - 28,9 миллиард доллар. Жалпы Үкімет 2014 жылы қабылдаған шаралар елдегі макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді.

Ұлттық экономика министрі осы көктемде Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы мәселесі шешілетінін мәлімдеді. «Өткен жылдың қорытындысында негізгі шарттар жөніндегі екі жақты келісімдер тәмамдалды. Бүгінде Еуропалық Одақ және Америка Құрама Штаттарымен келіссөздер жүргізілуде», - деді министр.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Қазіргі таңда экономикалық ықпалдасу бойынша министр Жанар Айтжанова тікелей келіссөздерге белсенді қатысуда. АҚШ тарапымен фитосанитарлық талаптарға қатысты шарттар белгіленуде. Жоспар бойынша алдағы сәуір-мамыр айларында барлық келіссөздерді тәмамдаймыз деп ойлаймын.

Жұрағат БАМАН