$479.05 €534.57 ₽5.17
×

«Мирас» қоғамдық кеңесі Ассамблея үндеуін қолдады

AstanaTV
20.02.2015ж. 20:00
1156
«Мирас» қоғамдық кеңесі Ассамблея үндеуін қолдады

«Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы көтерген бастаманы қолдады. Кеңес мәжілісінде ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков президент сайлауы биыл өткізілсе, құба-құп дейді. Себептерін де жіліктеп түсіндіре кетті. 

Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткері, «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Президент сайлауы 2016 жылға қарай келеді. Әлемдік дағдарыстың шарықтауы да келер жылға дөп келеді деп күтілуде. Мәжіліс сайлауы тағы бар. Сонда біз келер жылы сайлаумен айналысамыз ба, дағдарыспен бе? Сайлауды кейінге қалдыратын несі бар? Егер президент келіссе, халық қолдайын деп отыр.


Кеңеске мүше зиялы қауым өкілдері де Асссамблея көтерген бастамаға қолдау білдірді. Айта өтейік, биыл мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы бойынша ұсынымдар әзірлейтін «Мирас» беделді алаң тобы алғашқы мәжілісін өткізді. Кеңес өткен жылды қорытындылап, келер жылда атқарылар жұмыстарын айқындады. Биыл елімізде төрт бірдей айтулы шара мерекеленетіні белгілі. Олар: Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Конституциясының 20 жылдығы.

Елбасы 11 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында аса маңызды мерейтойлық шаралар тиісті деңгейде өтсін деген пәрмен бергені белгілі. Атап айтқанда, Президент ысырапшылдыққа жол берілмеуі тиіс деген еді. Осыған орай, «Мирас» қоғамдық кеңесі де берілген тапсырмалардың ойдағыдай орындалуын қадағалаудың маңыздылығын сөз етті. «Бастысы - қаржыны сән-салтанатқа ғана ысырап етпей, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәнде әрі халықтың жадында сақталардай етіп мерекелеу қажет», - деп түйді. Сондай-ақ, кеңес мүшелері қазақ тілінің мәртебесі мен оқулықтар жайы сынды өзекті мәселелерді де айналып өтпеді.

Оразкүл Асанқазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты , «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Кезінде шығарылған керемет тарихи шығармалар бар, аз болса да. Енді осыларды қайта шығару керек. Қазіргі тарихшыларымыз жазып жатқан кітапты балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты, мектеп жасындағы, мектепке дейінгі балаларға қандай тәрбие беруге болады, жастарға арналған кинофильмдер, мінеки, осыларды көптеп шығаратын болсақ.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА