Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Бойжеткен өлімі түрік қоғамын алаңға шығуға итермеледі

AstanaTV
20.02.2015ж. 20:00
783
Бойжеткен өлімі түрік қоғамын алаңға шығуға итермеледі

Түркия Еуропа елдерінің арасында зорлық-зомбылыққа жиі тап болатын қыз-келіншектердің саны жағынан - алдыңғы елдердің бірі. Әйел құқын қорғаушылар дабыл қағуда: соңғы жылдары әйелдердің өлімі оқиғасы ұлғайып барады.

Нақты дәлел: 19 жасар қыздың өлімі соңғы бір аптада түрік баспасөзінің бас тақырыбына айналды. Қоғамдық көлік жүргізушінің қолынан жауыздықпен қаза тапқан Өзгежан Асланның қайғылы оқиғасы Түркия халқын аяғынан тік тұрғызды. Осы жайттан кейін бірнеше қалада наразылық акциялары әлі өтіп жатыр. Ел президенті қылмыскерге қатысты істі жеке өзі қадағалауға уәде берді. Әрі қарай әріптесім Самат Сүлей сабақтайды. 

Құрықталған қылмыскер ақшам уақытында Өзгежанды жол жөнекей, автобус ішінде соққыға шығып, күш қолданғанын, сосын қылмысын жасыру үшін, шала-жансар денесін ауыл арасындағы тоғайда өртеп жібергенін баяндады. Бұл жағдай 11 ақпанда Түркияның Мерсин қаласында болды. Автобус жүргізушісінің жауыздық әрекетін естіген бұқара жұрт ертеңіне алаңға шықты.

Төрт-бес күн бойы онға жуық қалада мыңдаған халық көшеден кетпеді. Барлығы қылмыскерге ең ауыр жазаны талап етті. Қауымның тағы бір талабы - түрік әйелдерінің хұқын сақтау, әйел затын сыйлау. Алаңға шыққандар арасында адвокаттар мен заңгерлер де бар. Әйелдердің ахуалы расымен алаңдатарлық. Сарапшылар Түркиядағы он қыз-келіншектің төртеуі күйеуінен немесе жігітінен зәбір көретінін мәлімдеді.

Айдениз Алисбах, адам құқықтарын қорғау орталығының заңгері:

Бірнеше жыл бұрын Еуропа елдерінің мамандарымен бірге көптеген заңдарымыз қайта қаралды. Халықаралық дәрежедегі келісімшарттарда да әйелдер құқын қорғау жағын қарастырады. Бірақ орындалмай жатыр. Әйелдердің қауіпсіздігіне мән берілсе, дейміз. Мәселен, былтыр 294 келіншек, биыл бір айда 22 нәзік жан көз жұмған.

Марқұм Өзгежанның отбасына Түркия жұрты тегіс көңіл айтып, қайғыны бөліскен бәз біреулер бір күн қара жамылса, енді бірі суретін кеудесіне тақты. Жастар флешмоб өткізді. Жастардың бұл қылығы ел президенті Тайып Ердоғанға ұнамай қалды.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

Адам өліп жатқанда, секеңдеп билеген не сұмдық? Мен де отбасымның атынан көңіл айта отырып, ата-анасына сөз беремін. Қылмыскерлер ең ауыр жазасын алатын болады. Өкінішке орай, нәзік жандарға қол көтеріп, зорлық көрсететіндер жетерлік. Олар әрбір әйелді анасындай сыйласын.

Зерттеу орталықтарының мәліметінше, Түркияда 2013 жылы тұрмыста зорлық көрген әйелдерден 82 200, 2014 жылы - 118 мың әйелден арыз-шағым түскен. Екі жылды қоса есептегенде, үш жүздей әйел зорлықтан көз жұмған. Осы ақпанның өзінде 4 қыз жоғалып кетті. Әлі іздестірілуде.

Самат СҮЛЕЙ