$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Қазақстан АҚШ-пен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қол қойды

AstanaTV
23.02.2015ж. 20:00
1159
Қазақстан АҚШ-пен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қол қойды

Америкада істі болып жатқан қазақстандық студенттер жазаны елімізде өтеуі мүмкін. Бұл сот үкімін күтіп жатқан Азамат Тажаяқов пен Дияс Қадырбаевқа қатысты. Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель баспасөз мәслихатында осыны мәлімдеді.

Біздің ел сотталғандарды экстрадициялау бойынша құқықтық көмек туралы американдық конвенцияға қосылуға ниетті. Бүгінде Қазақстан Америкамен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қол қойды. Және біз - Құрама Штаттармен мұндай құжатқа қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекетпіз. Аталмыш шарт Қазақстан-Америка арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтып, қылмыспен күресуде қос елдің күшін біріктіре жұмылдыруға септігін тигізбек.

Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

Біз Америкамен сотталғандарды қайтару бойынша конвенцияға қол қоюға ниеттіміз. Бұл іс өте маңызды. Оның үстіне ол балаларға да көмек болар еді. Егер қазақстандықтарды Америка Құрама Штаттары соттайтын болса, біз олардың жазаларын өз елімізде өтеуге рұқсат беруін сұрайтын едік.

Иоган Меркель бюджеттік қысқартуларға қатысты мәселелерді де айтып өтті. Белгілі болғандай, Бас прокуратурада бюджеттің шығыс бөлігі 10 пайызға қысқарған. Бұл 6 млрд теңге шамасында. Жаңа бағдарламалар мен аудандық прокуратура мекемелерінің құрылысына қаралған ақша үнемделмек. «Ал штаттық қысқартулар болмайды»,- деп сендірді Бас прокурордың бірінші орынбасары. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ