$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Шымкенттегі Ақжайық шағын ауданының тұрғындары тұрақты электр қуатына зар болып отыр

AstanaTV
23.02.2015ж. 20:00
1460
Шымкенттегі Ақжайық шағын ауданының тұрғындары тұрақты электр қуатына зар болып отыр

Шымкенттегі Ақжайық шағын ауданының тұрғындары тұрақты электр қуатына зар болып отыр. Жекенің меншігіндегі қуат таратқышқа күні қараған жүз елуге жуық отбасы ел қатарлы сапалы жарыққа қосылуды қалайды. Күні кеше электр энергиясын тарату желісінде кернеудің тым артуынан көпшілігінің тұрмыстық техникалары күйіп кеткен. Олар несиеге алған затының қарызынан құтылып та үлгермегенін айтады.

Ерлан Бөрібековтің өткен аптада теледидары мен тоңазытқышы күйіп кетті. 220 мың теңгенің затын ол бір жылға несиеге рәсімдеген. Енді балалардың аузынан жырып, ай сайын 18 мың теңге төлеп жүргенін айтады.

Ерлан Бөрібеков:

Ең соңғы кредитті төлеймін, бітемін ғой деген уақытта, телевизор мен холодильник күйіп отыр. Енді оны жөндеуге бола ма, болмай ма, білмеймін, кәдімгідей түтін шығып кетті екеуінен де.

Шағын аудан тұрғындардың көпшілігі сол күні қуат көзіне қосулы тұрған тұрмыстық техниканың жарамай қалғанан айтады. Тіпті электр есептеуіштер де шамадан тыс келген ток кернеуіне шыдас бермеген.

Дильбар Ешанова:

Қашан өкіметтің светін жағамыз адам құсап, деп жатырмыз. Енді кеше жаңадан трансформатор қойды. Оған да ақша жинаймыз енді тағы да.

Ақжайық шағын ауданының пайда болғанына 10 жылға жуықтады. Бір бөлігі қаладағы ортақ жарық тарататын қондырғыға қосылған. Ал 150-дей отбасы жеке меншік трансформаторға тәуелді. Мұнда бір қуат таратқышқа 70 үй қосылуы тиіс, бірақ қосылған баспаналар саны екі есе көп.

Сұлушаш Өміртаева:

Кешке сығырайып, ертерек балалардың сабағын оқытып аламыз. Одан ертерек тамағымызды ішіп, ертерек жатуға әрекет істейміз. Жазбаған жеріміз жоқ бұл свет жөнінде.

Тұрмыстық техникасы істен шыққан көпшілік оның шығынын кімнен дауларын білмей дал. Ал тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы «мұндай жағдайда келтірілген шығынды өндіруге болады» дейді.

Бегім Төлентаев, ОҚО тұтынушылардың құқығын қорғау ҚБ төрағасы:

Шығынданған тұтынушылар, егер бізге арыз жазып, көмек сұрайтын болса, біз олардың мүддесін сотқа дейінгі кінә қою арқылы шешуіміз мүмкін. Ал оған көнбесе, сотқа беріп, шешіп беруге көмектесеміз.

Шенеуніктер Ақжайықтағы жағдайдан хабардар. Олар жекенің қолындағы трансформаторға тәуелді азаматтарды жарықпен қамту мәселесі келесі жылдан қалмай шешіледі деп сендірді.

Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

2016 жылы Ақжайық шағын ауданы толығымен электр жарығымен сапалы қамтылады. 2430 тұрғынға жоба жасалған. Қаржы мәселесі шешіліп қойған. Биылға 102 млн қаржы қаралған. Ол бойынша ұсыныс беріп қойдық.

Жарықтың жырынан шаршаған тұрғындар талап-тілектер жазылған арызды жаңадан құрылған Қаратау ауданы әкімдігіне тапсырды. Олар биылдан қалмай қаланың меншігіндегі тұрақты электр желілеріне қосылуды қалайды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ