$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қазақстандық төртінші МӨЗ «Теңізшевройл» кен орнында салынады

AstanaTV
23.02.2015ж. 20:00
1246
Қазақстандық төртінші МӨЗ «Теңізшевройл» кен орнында салынады

2016 жылы Қазақстан нарығы толықтай отандық жанармаймен қамтылады. Биыл мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталады. Бұл туралы Энергетика министрi Владимир Школьник мәлімдеді. Айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай-химия және жанар-жағармай режимдерi бойынша жоғары октанды бензин шығармақ.

Жобаның жалпы құны 1 млрд доллардан асады. Кешен пайдалануға берiлгенде, 357 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнiмдiлiгi жаңғыртудан кейiн 6 млн тоннаға жетедi. Мұнайды терең өңдеу үлесi 90 пайызға жуықтамақ. Павлодар мұнай өңдеу зауыты жаңа технологияларға ие болған соң, мұнай өңдеу көлемi 7 млн тоннаға жетедi деген жоспар бар. Келесі жылы толық жұмыс қуатына шығуы тиіс зауыттар Еуро-4, Еуро-5 стандартты жағармай өндіруді көздейді. 

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Мұнай өндіру тереңдігін шамамен 83-90 пайызға арттыру жоспарда бар. Бұл жұмыстар орындалса, жоғары сұранысқа ие Аи-92 маркалы бензиннің өндіріс үлесі 12 пайыздан 21-ге, ал Аи-95 пен 98 маркалары 0,7 пайыздан 10 пайызға жетуі тиіс. Осылайша 2016 жылға дейін елімізді отандық бензин, дизель отынымен толықтай қамтамасыз етіп, импорт тәуелділігінен құтыламыз.

Сондай-ақ министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Теңізшевройл» компаниясын кеңейтуді жоспарлады. Өндіріс орнында жүргізілуі тиіс құрылыс жұмыстары өнімділікті 26 миллион тоннадан 38 миллион тоннаға дейін арттыруы тиіс. Владимир Школьник төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы жайындағы жаңалығымен де бөлісті.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Өндіріс орнындағы серіктес компаниялармен кеңесіп, кеңейту жобасын қаржыландыру бойынша нақты шешім жыл соңына дейін қабылданады. Кен орнында өндіріс көлемін арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Үлкен жоба аясында «Теңізшевройл» кен орнында жылдық қуаты 12 млн тонналық жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады. Және қуаты 9,4 млрд текше метр шикі газ өндіретін нысан құрылысы да жоспарда.

Министр құрылыстың нақты басталу мерзімін атамады. Ал атом электр станциясын салу жоспары жапондық «Тошиба» компаниясымен талқылануда. Қазір болашақ жобаның сызба нұсқасы, пайдаланылатын реактор түрі бойынша нақты ұсыныстар бар, және олар жақын арада үкіметке таныстырылмақ. Владимир Школьник біріккен жобаның келешегіне үміт артатынын жеткізді. Еске салсақ, жапондық «Тошибаның» 10 пайыздық үлесі отандық «Қазатом өнеркәсіп» акционерлік қоғамына тиесілі.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ