$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Пешпен жылитын көп қабатты үйлер адам өміріне қауіп төндіруде

AstanaTV
24.02.2015ж. 10:00
1202
Пешпен жылитын көп қабатты үйлер адам өміріне қауіп төндіруде

Өзге де ақпараттар... Қыс аяқталып келеді, алайда жылудың жыры бітер емес. Қарағандыда пешпен жылитын көп қабатты үйлер адам өмірі үшін қауіпті бола бастады. Бобруй көшесіндегі 5 көпқабатты үй, орталық жылу қазандығына қосылмаған.

Тұрғындар 15 жылдан бері пәтерде пеш жағып күнелтеді. Соның салдарынан соңғы жылдары өрт дерегі көбейген. Бірақ, жергілікті әкімдік халықтың қауіпсіздігін қаперіне ілер емес. Қауіптенген тұрғындар үкіметтен көмек сұрайды.

Бобруй көшесінде орналасқан мына үйде ыстың иісі әлі бар. Желтоқсанда отын қоймадан өрт шыққан-ды. Тұрғындар, қара түтінге тұншыққандарды өрт сөндірушілер әрең құтқарғанын қорқынышпен еске алады.

Өрт жертөледен шықты. Айнала түтінге оранды. Қариялар мен балаларды әрең құтқардық. Өрт сөндірушілер екінші қабатта тұратын ардагерді сатымен әрең түсіріп алды. Құтқарушылар қауіпсіздікті сақтамадыңдар дейді. Тұрғындарға айтқаннан не пайда?

Лидия әжей қартайған шағында жертөледен көмір тасып әуре. Жетпістегі қария пәтерінде пеш жағады. Айтуынша, ай сайын 25 мың теңге отын-суға кетеді. Қыс бойы көретін күнім осы дейді зейнеткер.

Лидия Кувштннткова:

Күніне 3 шелек көмір жағамын. Қайта ағаш сатып алмаймын. Есік,терезесін ауыстыратындар көп. Қалдықтарын теріп, отқа тамыздық етемін. 

Күн ұзақ жұмыста болатын тұрғындар, электр жылытқыштарын пайдалануға мәжбүр. Олар бір бөлмелі пәтердің электр жарығына айына 25 мың теңге төлеп келеді екен.

Нұрсұлтан Қанаев:

Отопленияға 22-25 мың төлейміз, қыстың уақытында. Қарағандыда қыс 8 ай. 8 ай бойы 25 мың.

Бобруй көшесіндегі үш жүздей тұрғынның ахуалы осы. Бірі пешті пәтерде, бірі жертөледе жағады. Электр жылытқыштарын пайдаланғандықтан, жарық та жиі өшеді. Қариялар, 2000-шы жылдары бұл үйлердің жеке қазандығы болғанын айтады.

Автокомбинат тарап кеткесін, қазандық қолдан қолға сатылып, ақыры жылыту жүйесі жойылды. Тұрғындардың мәселені айтып, бармаған жері,баспаған тауы қалмады.

Бейбіт Жұмабек:

2008 жылы Қазыбек би аудандық әкімі 2009-2011 жылдары ЖКХ-ны модернизациялау бағдарламасы бойынша, орталық жылу жүйесіне үйлеріңіз қосылады деп жауап берген. Қалалық әкімдік,облыстық әкімдік, қалалық ,облыстық мәслихаттарға бардық. 15 жыл болды. 15 жылда бізде жылыту орталығы жайлы нақты жауап жоқ.

Шарасыз халық Үкіметтен үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу мәселесін бақылауға алуды сұрайды. Біз Бобруй көшесіндегі 5 үйдің орталық қазандыққа қашан қосылатынын сұрап, қалалық әкімдікке сауал жолдадық. Алайда,әзірге, жауап ала алмадық.

Айжан ҚУАШ