$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Жасөспірімнің өліміне екпе себеп болды ма?

AstanaTV
24.02.2015ж. 20:00
1785
Жасөспірімнің өліміне екпе себеп болды ма?

Шымкентте қызылшаға қарсы жасалған екпеден соң, жасөспірім көз жұмды. Тағы бір қыз бала ауруханада жатыр. Дәрігерлер бақилық болған 15 жастағы жеткіншектің өліміне «менингит» ауруы себеп болғанын мәлімдеп үлгерді. Ал марқұмның отбасы бар кінә екпеден екеніне сенімді. Айтып өтейік, дәрігерлер жаппай салынған вакцина да үнді елінен шыққанын айтты.

Қаршадай қызынан айрылған ананың еңірегенде етегі жасқа толады. Шахиста - бұл отбасының тұңғышы еді. Қара жамылған отбасы қыздарының өлімін екпеден көріп отыр. Айтуларынша, ақпанның 18-і күні оған сыныптастарымен бірге қызылшаға қарсы вакцинация жасалады. «Тұмау белгілері болған соң, вакцина салдырма деп, кеңес берген едім», - дейді анасы.

Шайра Ирисметова:

Менің қызым жөтеліп жүрді, грипп боп сәл бір-екі жөтеліп жүрді. «Саған болмайды. Саған укол салмасын» деп айтып жібердім. Ол барып айтқан: «Мамам разы емес, алмаймын мен уколды» десе, «саған ештеңе қылмайды, ала бер» деп, врачтар тексермеген оны.

Анасы, екпеден соң 4 күн өткенде қызының ыстығы көтеріліп, денесі құрысып қалғанын, айтады. Дереу жедел жәрдем шақырған. Жақындары бұрын-соңды мұндай сырқаты болмағанын айтады.

Әнуар Салметов, туысы:

Келген бізде больницадағы врачтар вовремя нормально көмек көрсетпеді, жәрдем. Ауыр халде барды, үйде судорга болып, олар реанимацияға қабылдамады. Өлетін кезде реанимацияға кірді.

Болған жайтқа байланысты Шымкентте дәрігерлерден арнайы топ құрылды. Астанадан шұғыл жеткен мамандар қайтыс болған қыздың мәйітіне сараптама жасады.

Гүлнәр Құлқаева, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі департамент директоры:

Екпе салмай тұрып әдетте ауызша сұрайды дәрігерлер. Егер түшкіру, жөтел секілді белгілері болса, кем дегенде екі аптадан соң сырқатынан сауықпайынша, вакцинация жасалмайды. Демек, ол ешқандай шағым айтпаған. Менингиттің сол уақытта инкубациялық кезеңі болғандықтан, ешқандай белгісі байқалмаған шығар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 15 пен 19 жас аралығындағы 185 мың жасөспірімге қызылшаға қарсы екпе егу жоспарланған. Соның тең жарымы вакцина қабылдап үлгерді. Бес адам бас айналу, құсу секілді белгілермен медициналық көмекке жүгінген. Қазір 19 жастағы тағы бір студент қыз жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ол вакцина алған күннің ертеңіне өзін жайсыз сезінген.

Зарипа Оспанова, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Бүгінгі таңда ол науқастың жағдайы жақсы. Науқасқа қазіргі таңда жедел респираторлы вирусты инфекция қойылып жатыр. Ал екпеден болған кері әсер дәлелденбей жатыр.

Ал бақилық болған оқушының туыстары қаршадай қыздың өміріне немқұрайлы қараған дәрігерлер деп санайды. Олардың жауапқа тартылғанын қалайды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ