$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Түрік қарулы күштері Сирия территориясында

AstanaTV
24.02.2015ж. 20:00
1538
Түрік қарулы күштері Сирия территориясында

Түрік туы - Сирия аумағында тігілді. Бірнеше сағаттың ішінде Түркия Қарулы күштері қақтығыс толастамай тұрған Сирия аумағына еніп, екі бірдей операцияны атқарды. Осман империясын қалаған Осман Газидің атасы - Сүлеймен Шахтың кесенесін түрік шекарасына жақын көшіріп, сол кесенені қорғаушы түрік жауынгерлерін аман алып шықты. Сириямен арадағы тарихи келісім бойынша шах жерленген жер - Түркияның заңды анклавы болып саналады. Кесене қойылған шекаралық аймақ та енді сондай статусқа ие. Десе де, бұл территорияда түрік әскері қанша мерзімге тұрақтайды? Сириядағы ахуалға орай бұған болжам жасау да қиын. Түркиядағы тілшіміз Самат Сүлей тарқатады.

Түркияның мұздай қаруланған жеті жүзге жуық жауынгері 39 шынжыр табанды техника мен 57 оқ өткізбейтін көлікке жайғасып, Сирияның Кобани қаласын бетке алды. Әскерилерге берілген әмір - Сүлеймен шах кесенесін қауіпсіз жерге көшіріп, Шам еліндегі түріктің 40 жауынгерін эвакуациялау.

Түркия Қарулы күштерінің жауынгерлері 9 сағат ішінде кесенені басқа жерге көшіріп, былтыр келген құрмет қарауылын алып шықты. Сүлеймен шахтың мазары осымен үшінші рет көшірілді. Бұған дейін Эффрат өзенінің жағасында су басып қалу қаупі бар деп, 1975 жылы басқа жерге ауыстырған болатын. Соңғысы Каракозак ауылынан Түркия мен Сирия шекарасынан 200 метр ұзақтықтағы Эшме елді мекеніне әкелді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

Ол біздің тарихымыз және бұрыңғылар сеніп тапсырған мұрамыз. Осы міндетті мүлтіксіз орындап келген Қарулы күштердің жауынгерлеріне ризамын.

Әскери комиссияның жетекшісі - премьер-министр Ахмет Дәуітоғлұ өз сөзінде: Бір күндік «әскери саяхат» үшін ешкімнің алдынан өтіп, тіпті Сирия өкіметінен рұқсат сұрамадық деді. Бірақ түрік тарапы Сирия елшілігіне хабар жолдаған. Десе де, жауапты күтпестен әскери операцияға кіріскені белгілі болды. Іл-шала Дамаск бұл әрекетті айыптап, тіпті агрессияға балады.

Бостан Джемильоглы, Таяу Шығыс жөніндегі сарапшы:

Әрине, қуантарлық жағдай. Бірақ бұл операция қаншалықты мемлекетаралық талапқа сай деген сұрақ мазалайды. Себебі ол аймақ қанша жерден соғыс алаңына айналғанмен, қараусыз жатқан жер емес, өз алдына тәуелсіздік алған мемлекеттің территориясы.

«Миллиет» газетіндегі мақалада бұл жорық ұйымдастырылмай тұрып, Сириядағы күрдтерден құрылған солшыл партияның лидері Түркияға келіп кеткені жазылды. Сондай-ақ, тағы бір басылым бетінде түрік туы тігілген жер сириялық күрдтердің бақылауындағы аймақ деген дерек келтірді. Сол себепті, түрік әскері жергілікті күштермен ымыраласқан деген жорамал бар. Ресми Анкара ешбір тараппен келіссөз жүргізбегенін мәлімдеді. Ал күні кеше байрақ тігілген территорияда түрік әскері қанша мерзім тұрақтайтыны туралы болжам жасау қиын.

Самат СҮЛЕЙ