$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Кезектен тыс президент сайлауына үміткерлерді тіркеу басталды

AstanaTV
26.02.2015ж. 20:00
730
Кезектен тыс президент сайлауына үміткерлерді тіркеу басталды

Қазақстанда бүгіннен ресми түрде президент сайлауына кандидаттарды тіркеу басталды. Ал президенттікке үміткерлердің үгіт-насихат науқаны 26 наурыздан басталып, 24 сәуiрге дейін жалғасады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлiмдедi.

Әр кандидат орталық сайлау комиссиясына 1 миллион 60 мың теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс. Және сайлау комиссиясында тіркелмес бұрын, салық органдарына өзінің және жұбайының табысы жөнінде декларация тапсыруы қажет. 

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Президенттiкке кандидаттарды ұсыну 26 ақпанда басталып, кандидаттарды тiркеу 25 наурызда аяқталады. Мерзiмi аяқталғаннан кейiн олардың үгiт науқаны басталады. Ол 26 наурызда басталып, 24 сәуiрге дейiн жүргiзiледi. Президент сайлауын өткізуге қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

Қуандық Тұрғанқұлов президенттікке кандидаттардың сайлау қорының мөлшері 577 миллион теңгеден аспауы тиіс екенін ескертті. Айта өтейік, алдағы сайлау науқанына республика бойынша барлығы 10 мыңға жуық сайлау комиссиясы тартылады. «Астана» арнасы тілшілерінің сұрағына жауап берген Орталық сайлау комиссиясы төрағасы, сайлау алды кампанияға ел бюджетінен бөлінетін қаражат барынша үнемделетінін, айтты. «Жиһаз, компьютер, кеңсе тауарларына да шашылмаймыз»,- деді. Әйтсе де, биылғы кезектен тыс президент сайлауының шығындары 2011 жылғы сайлау кампаниясымен салыстырғанда көбірек болатынын жасырмады. Айтуынша, қосымша қаражат үкімет резервінен алынады.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Полиграфия қызметінің құны біршама артты. Сол сияқты бұқаралық ақпарат құралдарында да өсім байқалады. Осыдан барып сайлау алды науқанға биыл көбірек шығындалуға тура келетінін аңғаруға болады. Біз жиһаз, компьютерлер, кеңсе техникаларын сатып алудан бас тарттық. Өзге де шығындарымызды қысқартамыз.

Айта өтейік, кезектен тыс президенттік сайлау 26 сәуірде өтеді. Қуандық Тұрғанқұлов Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын 3 мамырдан кешіктірмей жариялап, тиісті қаулы қабылдайтынын хабарлады. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА