Республикалық қоғамдық қабылдаулардың әрбір төртіншісін министрлер мен
агенттік басшылары өткізді. Бұл жөнінде қоғамдық қабылдау бөлімдері жұмысын
күшейтуге қатысты өткен селекторлық жиында «Нұр Отан» партиясы төрағасының
бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.
Қазақстан бойынша 241
қоғамдық қабылдау қызметінің арқасында халықпен өзара байланыс жолға қойылды.
Бұл алыс ауылдардағы мәселелерді шұғыл шешуге мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы
министрлер мен депутаттардың жеке қабылдаулары алдыңғы жылмен салыстырғанда 7
есеге көбейіп, 26 мыңға жеткен. Облыс әкімдері 3 мыңға жуық қабылдау өткізген.
Жалпы былтыр азаматтардың 85 мың өтініші қаралды. Басым бөлігі әлеуметтік
сипатта. Яғни тұрғын үй мен жер телімін бөлу, жұмысқа орналасу мен жалақының
төленбеуі, шағын бизнестегі қиындықтар және құқық қорғау органдарының жұмысына
қатысты арыз-шағым.
Бір айта кетерлігі, 50 пошта бөлімшесінде электронды
қоғамдық қабылдау пункттері ашылған. Сондай-ақ, электронды қабылдау сайтында
депутаттардың ресми блогы да ашылған. Биыл қаңтарда электронды қоғамдық
қабылдауға азаматтардан 6663 өтініш түскен. Оның 20 пайызы жазбаша, қалған 80
пайыздайы, немесе 5287-сі, ауызша түрде.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Мемлекет органдарының бірінші
басшылары, біздің депутаттарымыз, агенттік басшылары - бәрі осы партияның
қабылдау бөлмелеріне келіп, азаматтарымыздың арыздарын қабылдап, олардың
мәселелерін шешіп жатыр.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ