Президенттік сайлау науқаны қарсаңында кандидаттардың қол жинау
парақшаларын тарату мерзімі қысқартылды. Кандидатты қолдаушылар қолтаңбасының
шынайылығын анықтау мерзімі де қысқара түсті.
Орталық сайлау комиссиясы
президенттік сайлау науқанын өткізуге байланысты 4 қаулы қабылдады. Мәселен,
енді қол жинауға арналған парақша алу үшін, үміткерге бұрынғыдай 5 тәулік емес,
2 күнтізбелік күн беріледі. Ал аймақтық сайлау комиссиялары жиналған қолдардың
шынайылығын 10 күн емес, 5 күн ішінде анықтайды. Орталық сайлау комиссиясы
сонымен қатар үміткерлерге қажетті қолдаушылар қолының мөлшерін бекітті.
Президенттіктен үміткер кем дегенде 93 мың 12 азаматтың қолдауына ие болуы
шарт.
Владимир Фоос, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
Бұл бастамалардың барлығы үміткерлер үшін жасалды. Сайлау комиссиялары
жұмысының нәтижелілігіне нұқсан келмейді, деген ойдамыз. Өткен сайлау
науқанында да осындай қадамдар жасалды. Дайындыққа бөлінген 2 айдың бір айы -
сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жеткілікті.
Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін
тексеретін комиссия құрамын да бекітті. Оның төрағасы болып Мырзатай
Жолдасбеков сайланды. Тағы бір талап - шет елдік журналистерге қатысты. Шет
елдерден келген ақпарат құралдарының өкілдері еліміздің СІМ-де тіркелгені
туралы арнайы куәлік алуы шарт. Ал халықаралық байқаушыларға өздерімен бірге
бір аудармашыны ертіп жүрулеріне рұқсат беріледі.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ