$525.87 €614.37 ₽6.72
×

«Астана» арнасынан «Сырты бүтін...» жобасы экранға жол тартпақ

AstanaTV
27.02.2015ж. 20:00
2107
«Астана» арнасынан «Сырты бүтін...» жобасы экранға жол тартпақ

Көктемнің алғашқы күндерімен бірге «Астана» телеарнасында бірнеше жаңа жобаның тұсауы кесілмек. Соның бірі - «Сырты бүтін...» деп аталатын деректі драма. Телехикаядан гөрі әлеуметтік жобаға көбірек ұқсайтын бұл өнім өмірден алынған үзік сырларымен ерекшеленеді. Адам неге өзгермелі, әке неге қатыгез, бала неге безбүйрек, жастар неге жауапсыз деген өмірлік сұрақтар төңірегінде ойлануға жетелейді. 

Соңғы жылдары отандық телеарналарда өз елімізде түсірілген телехикаялар, тележобалар мен комедиялар үлесі артты. Ал «Сырты бүтін...» драмасының тұрпаты бөлек. Туыстар, көршілер немесе әріптестер арасындағы шиеленістер, әке мен баланың келіспеушілігі шынайы бейнеленеді. Драма авторлары өмірлік жағдайларды иллюстрациялау арқылы, сол ситуациядан қалай шығу қажеттігін меңзейді. Сценарий өмірде болған оқиғалар негізінде жазылған, ешқандай жасандылық жоқ. Әрбір көрермен хикаяны тамашалай отырып, өзін тануы мүмкін.

Арнұр Ташов, фильм режиссері:

Мұның ерекшелігі сол - қазақ қоғамына тән мазмұнмен байланыстырылады. Бізде күшік күйеу деген, отырған қыз, ұят болады деген түсініктер бар. Қазақи түсініктер ғой бәрі. Ең басты ерекшелігі - сол болып тұр. Отырып қалған қыздың тағдыры қалай болады? Бүгінгі аборттың азабы, құдалардың қыздар мен балаларының арасына қалай түседі, сол мәселені де көрсетеміз.

Әр серияда әртүрлі оқиға баяндалады. «Бөлімдерде бөлек-бөлек оқиғалар қамтылғандықтан, мұндай жобаны әзірлеу оңай болмады», - дейді режиссер. Тиісінше әр серияда жаңа актерлармен жұмыс істеуге тура келеді. Сондай-ақ жоба авторлары «Сырты бүтінге...» бұрын көп көріне қоймаған жас актерларды тартқан. Бұл да туындыны өмірдің өзіндей қабылдауға мүмкіндік береді. 


Самат Әбілдә, актер:

Мінезімен, қылығымен кейбір қыздар жігіттерге ұнай бермейді. Әрине, онда сұлулық бар, әсемдік бар. Бірақ бірнәрсе жетіспейді. Ол - мінез. Шошытып алады. Сондықтан бүгінгі түсірілім «отырған қыз орнын табады» деген атпен. 


Жоба авторларының айтуынша, отандық драмаға сценарий жазуда өз мамандарымыз тартылған. «Сырты бүтіннің…» негізгі мақсаты - қазақ отбасының «сыртын» ғана емес, «ішін» де бүтіндеу. Фильм қазақы менталитетпен санасады. Түсіру тобы драмаға негіз етіп өздері көріп-білген жағдайларды ғана алып отыр, яғни «Сырты бүтінде...» сіз көретін оқиғалардың бәрі де өмірде болған жағдайлар.

Нышанбек Жұбанаев, актер:

Адам басына берілетін өз сынағы болады ғой. Менің кейіпкерімнің басына да келген сынақ бұл. Қанша жыл үйленген болса да, бала бітпеген, балалары жоқ. Баласы болмаған соң, әйелі, анасымен ақылдасып, екінші әйел алуға мәжбүр болады.

Айта кетейік, «Астана» телеарнасының көрермендері, драманы телеэкран арқылы көріп қана қоймай, қатысуына мұмкіндік бар. Әртістік қабілеті бар кез-келген адам әр жексенбі өтетін кастингке қатыса алады. Қатысу туралы өтініштерді «Астана» арнасының www.astanatv.kz сайтына қалдыра алатынын ескертеміз.

Деректі драма наурыздың бірінен бастап «Астана» арнасынан көрсетіле бастамақ. «Сыртымыз да, ішіміз де бүтін болсын» десеңіз, әр жексенбі сағат 16:45-те «Сырты бүтінді...» күтіңіз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ