$479.05 €534.57 ₽5.17
×

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Ғабдуллатиф Мырзақұловқа қатысты сот шешімі өзгертілді

AstanaTV
02.03.2015ж. 13:00
1302
«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Ғабдуллатиф Мырзақұловқа қатысты сот шешімі өзгертілді

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Ғабдуллатиф Мырзақұловқа қатысты сот шешімі өзгертілді. Лауазымды қызмет атқара отырып, аса ірі көлемде пара алды деген,- айыппен Мұрзақұлов 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Енді жаза 10 жыл 6 айға дейін шегерілді. Бұл ақпаратты Астана қалалық сотының баспасөз қызметі растады. Бүгін кассациялық сот алқасы сотталушының бостандық мерзімімен қатар, Астана қаласында орналасқан пәтерін де мемлекет меншігінен Мырзақұловқа қайтару жөнінде шешім қабылдады.

2014 жылы 2-сәуірде шыққан сот шешімі, Мырзақұловтың жеке мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметтен 7 жылға шеттеткен-ді. «Жаза мерзімін қысқартуға жаңа Қылмыстық кодекстің 55-ші бабындағы өзгерістер, яғни қылмыстық кодекстің пара алу фактісін қарастыратын 311-бап бойынша ең жоғарғы жаза мерзімі 12 жылдан 10 жыл 6 айға дейін қысқартылуы негіз болды» - деп, қалалық сот хабарламасында түсіндірілді.

Еске салайық, ««Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының экс-президенті тендер өткізу кезінде кәсіпкерден 210 миллион теңге пара алды және 90 миллион теңгені алаяқтық жолмен жымқырды»,-  деген күдікпен өткен жылдың тамыз айында ұсталды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ