Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Теріскейлік кәсіпкерлер асыл тұқымды малды бағалау ережелерін өзгертуді талап етеді

AstanaTV
02.03.2015ж. 20:00
1563
Теріскейлік кәсіпкерлер асыл тұқымды малды бағалау ережелерін өзгертуді талап етеді

Солтүстік Қазақстандық кәсіпкерлер мал шаруашылығы саласындағы кей ережелер реформалауды талап ететінін айтуда. Шетелден асыл тұқымды ірі қара сатып алған шаруалар жыл сайын малдың жоғары өнімділігін дәлелдеп келеді. Алайда, түрлі тексерулерге әрбір кәсіпорын шамамен 800-900 мың теңге жұмсайды екен. Шаруалар бұған түбегейлі қарсы. Мәселенің мәнісін аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп қайтты.

«Мәмбетов және компания» серіктестігі асыл тұқымды мал басын көбейтуді 2012 жылы қолға алған. Шаруашылық АҚШ-тан «абердин ангус» тұқымды 200 бас ірі қара сатып алып, бүгінде санын бес жүзге жеткізген. Күтімнің арқасында, сиырдың таза салмағына күніне шамамен 1,5 келі қосылады.

Арыстан Жүнісов, серіктестіктің атқарушы директоры:

Өсімтал енді. Бұлар міне осы қазір апрель-мамырға дейін 4-4,5 центнерге дейін салмақ беретін түрлері бар. Мында өзіміздің алған бұқашықтар бар, қазіргі таңда 4-5 жылдық бұқашықтар ғой осылармен бірге келген, қазір олардың салмағы 1200 кг. Тонна екі жүз дейміз ғой. Сондай көлемге дейін өсе береді. Мынау жүрген сиырлардың өздері 700-800 килограмм.

«Абердин ангус» тұқымы 2-3 жыл тоқтаусыз өседі. «Соған қарамастан, олардың асыл тұқымды мал екенін дәлелдеу үшін, жыл сайын үздіксіз тексеріп отырамыз», - дейді серіктестік басшысы. Ал мұның қалтаны жұқартатын қып-қызыл шығын екенін айтады.

Еркебұлан Мәмбетов, серіктестік басшысы:

Ірі қара 1 жасқа толғанда, оған асыл тұқымды мәртебесі беріледі. Сол кезде оны бір рет тексеріп, кейін бағалау жұмысы жүргізілмесе, дейміз. Себебі мал бұдан әрі өзгеріске ұшырамайды. Түрлі факторлар оған әсер етпейді. Ал қазір тексеру жұмысы жыл сайын өткізіледі. Әрбір малға мың жарым теңгеден төлейміз. Оны 500-600 басқа көбейткенде, пәленбай мың сом шығады.

«Асыл тұқымды малдың өнімділігін тексеруге жұмсалған қаражат ет бағасына да әсер етеді»,- дейді Еркебұлан Мәмбетов. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында елуге жуық кәсіпорын асыл тұқымды мал басын көбейтумен шұғылданады. Мал тұқымын дәлелдеу ережелерін өзгерту ұсынысымен шаруашылық жетекшілері бірнеше табалдырықты тоздырды. Бірақ нәтиже жоқ. Мал шаруашылығы институты мамандары болса, малдың өнімділігін тексеру жыл сайын міндетті түрде өтуі тиіс деп, есептейді. «Өнімділік бірнеше ұрпақтан кейін төмендеп кетуі мүмкін», - деген құзырлы мекеме өкілдері қызмет бағасын да қолжетімді санайды.

Асқар Естанов, СҚО мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы:

Үкімет асыл тұқымды малға 20 мыңнан ақша береді. Анау өнімділігі аз малдарға 18 мыңнан бөледі. Соның ішінде біз бонитировкаға алатын болсақ, бір мыңнан ғана. Енді қалған ақша шаруашылықтың өзіне қалады. Мұнда былай қарасаңыз, сұрақ болмауы тиісті деп қараймын.

Шаруалар енді өз өтініштерін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдамақ. Ал асыл тұқымды ірі қараны бағалаудың жаңа халықаралық стандарттары Қазақстанда 2016 жылдан бастап енгізіледі. Мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институты мамандарының айтуынша, жаңа ереже бойынша мал сапасын бағалау тіпті күрделене түспек. Нәтижесінде Қазақстандағы етті ірі қараның генетикасын зерттеу жұмыстары бір қадам алға жылжуы мүмкін. Алайда, тың амалдың бағасы әзірге белгісіз.

Абзал ҚҰРМАНКИН 


Алдыңғы жаңалық