$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетов бостандыққа шықты

AstanaTV
03.03.2015ж. 20:00
1408
Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетов бостандыққа шықты

Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетов бостандыққа шықты. Оның мерзімінен бұрын босатылуына жаңа заңнама мен оның жақсы мінездемесі себеп болған. Бұл туралы бүгін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Экс-шенеунік Серік Баймағанбетов, ҚР Қылмыстық кодексі мен Қылмыстық атқару кодексіне енгізілген биылғы өзгерістерге сай, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Сотталушының бостандыққа шығу туралы қолдаухатын Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық соты 4 ақпанда қанағаттандырып, қаулы шығарған. «Комитеттің бұрынғы төрағасы Қылмыстық кодекстің 311-бабы бойынша сотталды. Айыпкер жазасын қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтеуі тиіс еді. Алайда, биылғы жаңа заңнамаға сәйкес оның жазасын өтеу мерзімі екі есеге қысқарды», - деді аудандық соттың жауапты хатшысы. «Шартты түрде босағандықтан, Баймағамбетов 2 жылдай ішкі істер органдары тіркеуінде болады», - деді сот өкілі. Заң бойынша оның мекен-жайды өзгертуге, басқа жерге көшуге, шекара асуға, сондай-ақ көңіл көтеру орындарына баруға құқы жоқ.

Еске салайық, Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты 2013 жылы қаңтарда Серік Баймағанбетовті пара алғандығы үшін он жылға соттаған болатын. Ол 2 жылын Қарағанды облысында Долинка елді мекеніндегі АК-159/6 колониясында өткізді.

Әлия Жошева, Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық сотының судьясы, жауапты хатшы:

Серік Баймағанбетовтың қылмыстық іс-әрекеті енді басқа бапқа ауысты. Ол 366-бап 3-інші бөлім. Сот осыны ескеріп, жазасын өтеу мерзімін 5 жылға қысқартты. Яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Қалған жазасын өтеу мерзімі - 1 жыл 11 ай 29 күн.

Айжан ҚУАШ